Алматыда тұрғын үй ауласында баланы аяусыз тепкен ер адам ұсталды

 Алматыда «Каспий» тұрғын үй кешенінің ауласында ер адамның балаға күш көрсеткен сәті түсірілген видео әлеуметтік желілерде таралды. Оқиғада ер адам балалар алаңында тұрған кішкентай балаға жүгіріп келіп, аяғымен қатты теуіп жібергені анық көрінеді. Жанында болған ересектердің ешқайсысы араша түспеген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Аталған дерек қоғамда үлкен резонанс тудырды. Балалардың құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева жағдайға қатысты мәлімдеме жасап, жәбірленуші балаға барлық қажетті көмек көрсетілетінін, оқиғаның ерекше бақылауда екенін айтты.

Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға бойынша Алатау аудандық Полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Күдікті жедел түрде анықталып, ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Полицияның позициясы айқын: балаларға қатысты мұндай әрекеттерге жол берілмейді және олар заң аясында қатаң түрде тоқтатылады, – делінген Полиция департаментінің ресми хабарламасында.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Тергеу барысы Алматы қаласы Полиция департаменті басшылығының бақылауына алынған.

Балаға медициналық және психологиялық көмек көрсетілуде.