Ресейдің Каспий мұнай-газ консорциумынан кетуі: Қазақстанға әсері қандай?

Каспий аймағында энергетикалық күш балансы қайта қалыптасып жатыр. Ресейге қарсы санкциялар тереңдеп, Мәскеу халықаралық мұнай-газ консорциумдарынан біртіндеп шегінуі мүмкін деген болжамдар күшейді. Бұл өзгеріс Қазақстан, Әзербайжан және жалпы өңір үшін жаңа мүмкіндіктер мен бірқатар қауіп-қатерді қатар алып келеді. BAQ.KZ тілшісі Ресейдің ықтимал шығуы аймақтық энергетика картасын қалай өзгертетінін зерделеп көрді.
Каспийдегі күш теңгерімі өзгеруі мүмкін бе?
Саясаттанушы, халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Риззат Тасым Каспий маңы архитектурасының түбегейлі қайта құрыла бастағанын айтты. Оның сөзінше, Ресей факторы бар жерде кез келген тәуекел бірнеше есе күшейеді.
Бір жағынан бүгінгі қалыптасқан жағдайға сәйкес, оның жобалардан шығуы инвесторларды «санкция қатерінен» азат етеді. Екінші жағынан Ресейдің мұнай-газ саласындағы бірқатар жобадан шығуы техникалық немесе коммерциялық шешім ғана емес саяси салмағы ауыр қадам. Қазіргі санкциялық қысым, технологиялық трансферге қойылған шектеулер және Ресейдің Каспий аймағындағы стратегиясының өзгеруі Мәскеуді кейбір халықаралық консорциумдардан шегінуге итермелеуі мүмкін. Егер Ресей расымен ауқымды жобалардан шыға бастаса, ол үш нәрсені білдіруі ықтимал, — деді Риззат Тасым.
Сарапшы Мәскеудің ірі жобалардан шегінуі үш негізгі факторды көрсетеді деп отыр.
Біріншіден, санкциялардың ұзақмерзімді сипаты Ресейдің инвестициялық және технологиялық қабілетін әлсіретуде. Нәтижиесінде, Мәскеу Каспийдегі көпжақты энергетикалық жобаларда маневр алаңын тарылтуға мәжбүр.
Екіншіден, Ресей Каспийдегі экономикалық рөлін әскери-саяси қатысуымен алмастыруға тырысуы ықтимал. Яғни экономикалық құралдардың орнына қауіпсіздік тетіктерін күшейту арқылы бәсекелестерін «ұстап тұру» логикасына бет бұруы әбден мүмкін.
Үшіншіден, «Каспий энергетикасына» басқа тараптар капиталының енуіне мүмкіндік пайда болады. Ресей осындай жобаларда болған кезде ондай арналар шектелген еді.
Ұзақмерзімді санкциялар Ресейдің технологиялық және инвестициялық әлеуетін әлсіретті.
Санкциялардың ұзақмерзімді сипаты Ресейдің инвестициялық және технологиялық қабілетін әлсіретуде. Мәскеу көпжақты энергетикалық жобаларда маневр алаңын тарылтуға мәжбүр, – дейді Тасым.
Экономикалық рөл VS әскери-саяси тетік
Экономикалық рөлдің орнына әскери-саяси тетік күшеюі мүмкін.
Сарапшының пайымынша, Ресей аймақта экономикалық ықпалын жоғалтқан сайын күш балансын қауіпсіздік тетіктері арқылы сақтап қалуға тырысу сценарийі ықтимал.
Экономикалық құралдардың орнына қауіпсіздік тетіктерін күшейту логикасына бет бұруы әбден мүмкін, – дейді сарапшы.
Каспий жобаларына басқа инвесторлар үшін «терезе» ашылады.
Бұрын Ресей қатысқан жобаларда сыртқы капиталдың кіруі шектелген еді. Қазір жағдай өзгеруі ықтимал.
Тасымның айтуынша, мұндай динамика АҚШ, ЕО және Қытайдың аймақтағы энергия маршрутына қызығушылығын арттыра түседі. Ал Қазақстан үшін Транскаспий бағытының өзектілігі күшейеді.
Осындай тенденциялар Қазақстанның Транскаспий маршрутына назар артуына, Әзербайжанмен қоса көлік-логистика хаб ретіндегі маңызын күшейтуіне мүмкіндік береді, – дейді сарапшы.
Сонымен бірге Ресейдің ықтимал кетуі Ұлттық компанияларға үлкен жауапкершілік жүктейді.
Әрине, АҚШ пен Еуропа, кейбір сұрақтар бойынша Қытай да Орта Азия-Кавказ энергия желісінің «Ресейсіз» даму динамикасының түрлі жолдарын болжауға және іске асыруға тырысады. Дегенмен де, осындай тенденциялар Қазақстанның Транскаспий маршрутына назар артуына, Әзербайжанмен қоса көлік-логистика хаб ретіндегі маңызын күшейтуіне мүмкіндік береді, — деді сарапшы.
Санкциялар салмағы: «Лукойл» кетсе, Каспий жобалары тоқтап қала ма?
Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов санкциялардың әсері әлдеқайда терең екенін айтады. Оның сөзінше, «Лукойл» қатысатын теңіз жобаларындағы тәуекел өте жоғары.
Қазақстанның теңіз кен орындарын игеру тәжірибесі жоқтың қасы. Бізде игеріліп жатқан жалғыз теңіз жобасы – Қашаған, оны шетелдік консорциум дамытып отыр, — дейді Байділдинов.
Сарапшының айтуынша, теңіз жобалары жерүсті жобаларынан бірнеше есе қымбат, ал Қазақстанның қаржылық мүмкіндіктері шектеулі.
«ҚазМұнайГаздың» ресурсы жеткіліксіз
«ҚазМұнайГаздың» босаған қаражаты мұндай қымбат жобаларды өздігінен игеруге жетпейді. 6 млрд доллар деп бағаланған жобалар 9 млрд долларға дейін өседі деген ақпарат бар, – дейді сарапшы.
Яғни Ресей компаниялары кетсе, жобалар тоқтап қалу қаупі бар. Сарапшының пайымдауынша, санкциялар қаржы мен технологияға қолжетімділікті шектеп жатыр.
«Лукойл» санкциялар енгізілгеннен кейін-ақ Қазақстанда банк операцияларында қиындықтарға кезікті. Бұл жабдықтарға, лицензияларға, шетелдік төлемдерге, тіпті өндірілген мұнайдан түсетін табысты алуға да әсер етеді, — дейді Байділдинов санкцияның нақты әсері туралы.
Сарапшы мұндай шектеулер жобалардың жүзеге асуын айтарлықтай тежейтінін баса айтады.
Нарықтағы көңіл-күйге қатысты маңызды ескерту
Байділдинов Қазақстандағы антиресейлік пікірлердің бір бөлігін сынға алып:
Кейбіреулер санкцияларға қуанып жатыр. Бірақ бұдан жақсы ештеңе күтудің қажеті жоқ. Каспий шельфіне батыстық компаниялар келмейді. Олар бұрын-ақ бас тартқан, – деді.
Оның айтуынша, Қытай компаниялары келуі мүмкін, бірақ теңіз жобалары үшін күрделі технология мен орасан қаражат қажет. Оның үстіне, Ресейдің тәжірибесі – Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік болған.
«Лукойлдың» артықшылығы – олар Каспийдің Ресей жағында бірнеше кен орнын игеріп отыр. Дайын база да, кадр да, техника да бар еді. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік болушы еді, — деді сарапшы.
Бүгінде Қазақстан жобаларды жалғастырудың мүмкін жолдарын қарастырып жатыр, бірақ бұл оңай болмайды.
Ресейдің Каспий жобаларынан ықтимал шығуы аймақтық энергетика тепе-теңдігін түбегейлі өзгертуі мүмкін. Бұл – бір жағынан Қазақстанға жаңа мүмкіндіктер ашса, екінші жағынан ауыр техникалық, қаржылық және геосаяси тәуекелдер жүктейді.
Келесі кезең Қазақстанның шешім қабылдау қабілетін, институционалдық дайындығын және серіктестерді дұрыс таңдауын талап етеді.








