Отан қорғаушылар күніне орай Астанада ҚР Қорғаныс министрлігі Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық оркестрінің салтанатты шеруі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Оркестрлік шеру «Ғашықтар» саябағы аумағынан басталып, «Нұржол» желекжолына дейін жалғасты. Іс-шараға Ұлттық әскери-патриоттық оркестрдің 40 музыканты қатысты.
Бағдарлама барысында танымал ұлттық шығармалармен қатар, қазақстандықтарға жақсы таныс халық әндерінен құралған попуррилер орындалды.
Астана қаласы әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Әлібек Жүсіповтің айтуынша, іс-шараның басты ерекшелігі – елорда тұрғындары мен қонақтарының Ұлттық әскери-патриоттық оркестрдің орындауындағы шығармаларды тікелей тамашалай алды.
«Бұл шараның мақсаты – мерекелік көңіл күй сыйлап, патриоттық рух пен Отанға деген сүйіспеншілікті нығайту.
Маршрут қоғамдық кеңістіктерді барынша қамтып, көбірек көрерменді тарту үшін арнайы таңдалды. Әрине, бағыттың өзіндік ерекшеліктері, оның ішінде еңіс пен өрлер бар. Дегенмен, оркестрдің үйлесімді қозғалысы мен толыққанды өнер көрсетуін қамтамасыз ету үшін маршрут техникалық талаптарды ескере отырып мұқият дайындалды», – деді ол.
Шерудің негізгі идеясы – елорда тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлау.
Мұндай іс-шараларды алдағы уақытта елорданың түрлі алаңдарында жыл сайын өткізу жоспарланып отыр.
«Мәселен, өткен жылдары осындай қойылымдар Астананың Орталық саябағында ұйымдастырылып, көпшілік тарапынан жоғары қызығушылыққа ие болды әрі тұрғындар мен қала қонақтарына ерекше әсер сыйлады», – деді Әлібек Жүсіпов.
