The Dala Times ақпараттық сайты
Ақпарат

Астанадағы «Кестелі орамал» концертінде соғыс жылдарының әндері шырқалды

Отан қорғаушылар күніне орай елордадағы Е. Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония сахнасында «Кестелі орамал» атты мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Кеш барысында көрермендерге халықтың өткен ғасырдағы тарихы, соғыс жылдарындағы рухани беріктігі мен бейбіт өмірдің қадірі өнер арқылы көрсетілді.

Кештің ерекшелігі – шығармалардың мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбек жетекшілік ететін «Қорқыт» этно-ансамблінің жанды сүйемелдеуімен орындалуы.

Қазақтың дәстүрлі аспаптарының үні мен соғыс жылдарындағы әндердің үйлесімі көпшілікке таныс туындыларды жаңа қырынан танытты.

Концертте соғыс жылдарындағы қазақ шығармалары – «Батыр Бауыржан», «Жас қазақ», «Ана туралы баллада», «Әлия», сондай-ақ кеңестік кезеңнен кең танылған «Синий платочек», қазақ тіліндегі «Катюша», «Смуглянка», «Темная ночь» және «Журавли» әндері орындалды.

Сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Светлана Айтбаева, Естай Мұқашев, Гүлнұр Оразымбетова, Арайлым Рахымқызы, халықаралық байқаулардың лауреаттары Айдын Жұмабаев, Парасат Отан, Диана Маева, Қымбат Жамбылбек, «Дарын» сыйлығының лауреаттары Мұратбек Хайролда мен Ақбота Құснадин, сондай-ақ Қазақстан дауысы жобасының жеңімпазы Құралай Мейрамбек өнер көрсетті.

Бағдарламаның идеялық жетекшісі, филармонияның эстрадалық вокал бөлімінің көркемдік жетекшісі Дана Сатаева концерт ән арқылы жететін тарихи кешке айналғанын айтты. Кеш атауы соғыс жылдары жазылған көрнекті композитор Мұқан Төлебаевтың осы аттас шығармасынан алынған.

«Кештің атауына айналған «Кестелі орамал» әні майданға аттанған жауынгерлердің отбасымен ұзақ уақыт хабарсыз қалған кезеңін бейнелейді. Олар хат жазып, оның жақындарына жететін-жетпейтінін білмесе де, әр жолына сағыныш пен жүрек жылуын сыйлады. Осы екі сөздің өзінде үлкен нәзіктік пен махаббат жатыр. Сондықтан мұндай әндерді жастар білуі және есте сақтауы керек.

Өйткені бұл туындыларда бейбіт аспан үшін өмірін қиған жандардың рухы сақталған», – деді Дана Сатаева.

Бұл концертті елордалық филармония дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеді.

Ұқсас жаңалықтар

ШЫМКЕНТ: Жол жүруге кедергі келтіретін талдардың бұтақтары кесілді

admin

Түркістан: күзгі әскерге шақыру науқаны басталды

admin

Қазақстанда жол ережесін бұзғандарға айыппұл көлемі көбеюі мүмкін

admin