Әлеуметтік желідегі тағам жарнамасы қалай тексеріледі: Комитет түсіндірді

Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі қалай бақыланады, әлеуметтік желілерде жарнамаланатын өнімдер қалай тексеріледі және заң талаптарын бұзғандарға қандай шара қолданылады? Бұл сұрақтарға Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Комитеттің мәліметінше, тағам өнімдерінің қауіпсіздігі оларды әзірлеу, өндіру, сату, кәдеге жарату және жоюдың барлық кезеңдерінде адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуі тиіс.

Бұл ретте қауіпті фактордың іске асу ықтималдығы мен оның салдарының ауырлық дәрежесі ескеріледі, – деп жауап берді комитет.

Комитеттің жауабына сәйкес, тексерулер Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сай, санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері мен тексеру парақтары негізінде жүргізіледі.

Өнімді тексеру бақылау сатып алу шеңберінде жүзеге асырылады. Осыдан кейін өнім өткізу сатысында іріктеліп алынып, санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізіледі.

Сонымен қатар сәйкессіз өнімді, оның ішінде өнімнің сәйкестігін растайтын құжаттары жоқ тауарды сатуға жол бермеу жөнінде кейінгі шаралар қабылданады, – делінген ресми жауапта.

Бақылау сатып алу Комитеттің аумақтық бөлімшелері бекіткен жоспарға сәйкес жүргізіледі. Ал зертханалық зерттеулер «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК-ның аккредиттелген зертханаларында жүргізіледі.

Тұтынушыларды өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өнімдер туралы хабардар ету мақсатында Комитеттің сайтында ай сайын сәйкессіз өнімдердің тізімі жарияланады.

Онда техникалық регламенттердің талаптарына сай келмейтін өнімдер мен олардың өндірушілері туралы толық ақпарат беріледі. Техникалық регламенттер мен гигиеналық нормативтердің талаптарына сәйкес келмейтін өнім анықталған жағдайда, оны кері қайтарып алу және сауда айналымынан алып тастау бойынша жедел шаралар қолданылады.

Мұндай қаулы шыққан сәттен бастап ішкі сауда субъектісі сәйкессіз өнімді дереу алып тастауға міндетті, – деп хабарлады комитет.

Ведомствоның мәліметінше, тағам өнімдерінің айналымы қағидаларын бұзу Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 425-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады.

Сондай-ақ тауардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі сатушының, өндірушінің және орындаушының міндеттері «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 24 және 29-баптарында көзделген, – деп жауап берді комитет.

Әлеуметтік желілерде белсенді жарнамаланатын тағам өнімдеріне де бақылау жүргізіледі.

Бақылау бақылау сатып алу, өнімді іріктеп алу, санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу және сәйкессіз өнімді сатуға жол бермеу жөніндегі шаралар арқылы іске асады, – деп түсіндірді ведомство.

Сонымен қатар мемлекеттік тіркеуге жататын өнімдердің заңсыз жарнамасын анықтау мақсатында әлеуметтік желілерге тұрақты мониторинг жүргізіледі, – деп қосты комитет.

Жарнама талаптарын бұзғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 428-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген.
Санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды бұзған және азаматтардың денсаулығына қатысты шағымдарға себеп болған объектілерге қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.

Мұндай жағдайда әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тарту мәселесі қаралады, – делінген жауапта.

Тағам өнімдерін өндіру кезінде қолдануға рұқсат етілген тағамдық қоспалардың тізімі Кеден одағының КО ТР 029/2012 техникалық регламентімен бекітілген.

Аталған регламенттің 9-қосымшасында бояғыштарды қолдануға болмайтын өнімдер нақты көрсетілген. Мысалы, кофе, цикорий, шай және олардың сығындыларын өндіру кезінде тағамдық қоспаларды пайдалануға жол берілмейді, – деп мәлімдеді ведомство.