Сапалы су 514 мың адамға: Су ресурстары министрлігі 53 жобаны аяқтады

Су ресурстары және ирригация министрлігінде Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен алқа отырысы өтті. Жиында 2025 жылғы жұмыстар қорытындыланып, 2026 жылға арналған жоспарлар талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Министр Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, былтыр 53 инфрақұрылымдық жоба аяқталды.

Нәтижесінде 277 елді мекенге, яғни 514 мың адамға сапалы орталықтандырылған су жеткізілді. Оның ішінде 73 елді мекен бұрын орталықтандырылған суға қол жеткізе алмаған, – деді министр.

Еуропалық қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі және Дүниежүзілік банк қолдауымен каналдар мен су қоймаларын реконструкциялау жұмыстары жалғасуда. 2026 жылы тағы 12 жоба аяқталып, 540 мың адам сапалы ауыз сумен қамтылмақ.

Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Жүйе 12 модульден тұрады, оның 8-і іске қосылған және мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланған. Бұл цифрландыру су беру, есеп айырысу және каналдарды басқаруды оңтайландырады.

«Қазсушар» РМК 2025 жылы 1 840 км каналды механикалық әдіспен тазалады, биыл бұл көрсеткіш 2 200 км-ге жетеді. Сонымен қатар, кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 50%-ға өсті.

Биыл қабылданған жаңа Су кодексі су ресурстарын қорғау және пайдалану бойынша жаңа қағидаттарды бекітті.