Тоқаев Бас Прокурордың орынбасарын тағайындады

Мемлекет басшысының өкімімен 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Ерлан Өтегенов Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Е.Р. Өтегенов, 1976 жылы туған, білімі жоғары, Қазақ мемлекеттік заң университетін аяқтаған.

Еңбек жолын 1998 жылы Алматы облысы Қапшағай қаласы прокурорының көмекшісі лауазымынан бастаған. Прокуратура органдарында бірқатар басшылық лауазымдар атқарған.

Атап айтқанда Ақмола облысы Целиноград және Егіндікөл аудандарының прокуроры, Алматы облысы Талғар ауданының прокуроры, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Алматы қаласы бойынша басқармасының бастығы, Бас Прокурор Аппаратындағы Бас Прокурордың аға көмекшісі, Нұр-Сұлтан қаласы прокурорының орынбасары болған.

2022 жылғы мамырдан Астана қаласының прокуроры болып қызмет етеді.

Қызметтік міндеттерін мінсіз атқарғаны үшін II дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған.