Неліктен референдум онлайн форматта өтпейді? – министрлік түсіндірді

Қазақстанда Конституция жобасы бойынша республикалық референдум тек офлайн форматта өтеді. Қазіргі уақытта онлайн дауыс беру заңнамалық шектеулерге және дауыс берудің құпиялылығын сақтау талаптарына байланысты жоспарланбай отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Орталық сайлау комиссиясының брифингінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин азаматтар өз ерік-жігерін тікелей дауыс беру учаскелерінде білдіретінін айтты. Олар бюллетеньдерді арнайы кабиналарда толтырып, кейін жәшікке салады.

Егер заңнама онлайн дауыс беруді енгізуге мүмкіндік берсе, біз техникалық жағын пысықтауға дайынбыз. Алайда қазіргі таңда көптеген елдердің тәжірибесі онлайн дауыс берудің өте сирек қолданылатынын көрсетеді, тіпті офлайн форматпен аралас түрде де. Біз АҚШ, Оңтүстік-Шығыс Азия және Еуропа елдерінің тәжірибесін зерттедік – бұл елдерде онлайн дауыс беру іс жүзінде қолданылмайды, — деді Коняшкин.

Осылайша, алдағы референдумда азаматтар тек дәстүрлі офлайн форматта дауыс береді. Ал электронды дауыс беру жүйесін енгізу заңнамаға өзгерістер енгізіліп, тиісті технологиялар әзірленген жағдайда ғана мүмкін болады.

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын жариялады. Жаңа Конституция жобасы 11 бөлімнен және 96 баптан тұрады. Мәжіліс депутаттары жаңа жоба қабылданса, қандай заң қабылданатынын түсіндірді.