ШҚО-да 120 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды

Облыс бойынша пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жұмыстары қарқынды жалғасуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде 120 мың гектар жер мемлекет қарамағына өтті. Жылдық жоспар 100 пайызға орындалған.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шығыс Қазақстан облысының жер қатынастары басқармасы басшысы Надежда Михейлис мәлімдеді. Президент тапсырмасына сәйкес 2022 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан жұмыс нәтижесінде облыс бойынша жалпы 463,8 мың гектар жер қайтарылды.

Бүгінде облыс аумағы 9 785,9 мың гектарды құрайды. Соның 36 пайызы – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, ал 64 пайызы өзге санатқа жатады. Мамандардың айтуынша, қайтарылған алқаптарды тиімді пайдалану – ауыл шаруашылығын дамыту мен жайылым тапшылығын азайтудың маңызды тетігі.

Ал 2026 жылға бекітілген жоспар 40 мың гектарды құрайды. Қазірдің өзінде оның 14 мың гектары немесе 35 пайызы мемлекет меншігіне өтті.