Елімізде азаматтығы жоқ қанша адам бар

Қазақстанда қазіргі уақытта шамамен 7 мың азаматтығы жоқ адам тіркелген. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Kazinform агенттігінің сауалына жауап берді.
Заңнамаға сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматы емес әрі басқа мемлекеттің азаматтығына тиесілі екенін дәлелдей алмайтын адамдар азаматтығы жоқ деп танылады.
– Қазіргі уақытта елімізде азаматтығы жоқ 7 мыңға жуық адам есепте тұр, – деп жазылған жауапта.
Айта кетейік, «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңға сәйкес азаматтықтан айыру тек ерекше жағдайларда жүзеге асырылады.
– Террористік қылмыстарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтірген қылмыстарды жасағаны үшін ғана соттың шешімімен азаматтықтан айыруға жол беріледі, – деп көрсетілген аталған заңда.
Алайда ведомство жауабында тіркеудегі адамдар туралы мәліметтер келтірілмеген, яғни олардың қандай себептермен азаматтықтан айырылғаны нақтыланбаған.
«Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңның 14-бабына сәйкес, азаматтықтан айырылған тұлғалар азаматтығы жоқ адам мәртебесін алып, тиісті құжат рәсімдей алады. Ал Қазақстан аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдардың елімізде туған балалары Қазақстан Республикасының азаматы болып танылады.
Еске сала кетейік, Қазақстанның жаңа Конституция жобасында азаматтық мәселесіне қатысты талаптар күшейтілді. Енді «басқа елдің азаматтығы танылмайды» деген бұлыңғыр ұғымның орнына, «тыйым салынады» деген қатаң норма келеді.
Сонымен қатар былтыр Қазақстандағы халық саны 195 480 адамға өскен.
Бүгінгідей санақ, база, цифр жоқ заманда қазақтар халық санын қалай білген? Көшпелі қоғамда «статистика» деген ұғым болмағанымен, ел өз санын шамалап болса да есептей алған. Бұл жүйе қалай жұмыс істегенін жазған болатынбыз.








