Депутат еліміздегі инвесторларға қолайлы қаланы атады

Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң екінші оқылымда қаралып, қабылданды. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов хабарлады.

Алматы облысында бой көтерген шаһар болашақта 2 миллионға жуық адам тұратын, технология мен инновацияға негізделген ірі орталыққа айналмақ.

— Alatau City — арнайы құқықтық режиммен жұмыс істейтін, инвесторларға қолайлы жағдай жасалған «ақылды қала». Мұнда көлік жүйесінен бастап, коммуналдық қызметтерге дейін заманауи жүйемен басқарылады, — деді депутат.

Спикердің сөзінше, қалада жаңа басқару форматы енгізіледі.

— Құжатқа сай, Алатаудағы ең жоғары басқару органы — Қала кеңесі болады. Ол шаһардың стратегиялық даму бағытын айқындап, мемлекеттік органдар жұмысын үйлестіреді. Кеңес құрамын Президент бекітеді, ал оған Премьер-министр төрағалық етеді. Негізгі атқарушы орган ретінде Әкімшілік құрылмақ. Ол мемлекеттік қор нысанындағы мемлекеттік орган ретінде жұмыс істейді. Әкімшілікке кәсіпкерлікті дамыту, инвестициялық жобаларды реттеу және инфрақұрылымдық өсімді үйлестіру құзыреті беріледі, — деп атап өтті Нұртай Сабильянов.

Заң жобасы Алатаудың өз актілерін қабылдауына жол ашады. Әңгіме инвестициялық қатынас, кәсіпкерлік, қала құрылысы және цифрлық әкімшілендіру салалары жөнінде болып отыр.

— Жаңа заң Алатауда бөлек экономикалық әрі басқару жүйесін қалыптастыруды көздейді. Қала енді өзіндік қаржы моделі, арнайы салықтық жағдайы және тың әкімшілік құрылымы бар дербес экожүйе ретінде қарастырылады. Бұл — болашақтың, жастардың қаласы, инвесторларға қолайлы өңір, — деді депутат.

Айта кетейік, Алатау қаласын дамытудың негізгі бағыттарының бірі — шағын авиацияны дамыту болмақ.