The Dala Times ақпараттық сайты
АқпаратБасты жаңалықҚоғамСаясат

Жетісайда жергілікті блогерлердің қатысуымен су қауіпсіздігі бойынша рейд өтті

Жазғы шомылу маусымында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында Жетісай ауданында кезекті профилактикалық рейд ұйымдастырылды. Іс-шара Жетісай аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерінің бастамасымен өткізіліп, оған Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағының мамандары мен жергілікті блогерлер қатысты.

Рейдтік-патрульдік жұмыстар аудан аумағындағы Достық каналы бойында жүргізілді. Іс-шара барысында құтқарушылар мен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, рұқсат етілмеген орындарда шомылудың қауіптілігі жөнінде ескертті.

Мамандардың айтуынша, жаз мезгілінде каналдар мен суару арналарына шомылуға түсетін азаматтардың саны артады. Алайда мұндай гидротехникалық нысандарда су ағысының қатты болуы, түбінің біркелкі болмауы және тереңдіктің кенет өзгеруі адам өміріне үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан азаматтарға тек арнайы белгіленген және қауіпсіздігі қамтамасыз етілген орындарда ғана суға түсу ұсынылды.

Рейд барысында тұрғындарға қауіпсіздік талаптары жазылған арнайы жадынамалар таратылып, балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмау, мас күйінде суға түспеу және төтенше жағдай орын алған жағдайда жедел әрекет ету алгоритмдері түсіндірілді.

Іс-шараның ерекшелігі – ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына жергілікті блогерлердің тартылуы болды. Бұл қауіпсіздік мәселелерін әлеуметтік желілер арқылы кеңінен насихаттап, жастар мен тұрғындардың назарын аударуға мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылардың пікірінше, цифрлық платформалардағы ақпараттық жұмыстар қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың тиімді құралдарының біріне айналып отыр.

Құтқарушылар азаматтарды судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырып, кез келген қауіптің алдын алу әр адамның жауапкершілігі екенін атап өтті. Сонымен қатар мұндай рейдтік-профилактикалық іс-шаралар шомылу маусымы аяқталғанға дейін тұрақты түрде жалғасатын болады.

Жетісай аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі тұрғындардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында қауіпсіздік талаптарын сақтауға және балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырады.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістандағы халықаралық форумда туризмді дамыту жолдары сараланды

admin

ШЫМКЕНТ: Оқушылар Ұлттық Мектеп Лигасынан 14 медаль иемденді

admin

Жұқпалы аурулар орталығының ғимараты балалар клиникалық ауруханасының меншігіне берілді

admin