The Dala Times ақпараттық сайты
АқпаратБасты жаңалықҚоғамСаясат

Келесте әлеуметтік инфрақұрылым жаңарып келеді: мәдениет, білім және тұрғын үй құрылысы бақылауда

Түркістан облысында халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру қарқынды жалғасуда. Мемлекет басшысының өңірлерді теңгерімді дамыту, ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғырту және тұрғындарды сапалы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары аясында Түркістан облысында ондаған маңызды жоба жүзеге асырылып жатыр. Осы бағыттағы жұмыстардың орындалу барысымен танысу мақсатында облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Келес ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жауапты сала басшыларымен кеңес өткізді.

Жұмыс сапары алдымен Жүзімдік ауылдық округінде салынып жатқан 149 орындық жаңа мәдениет үйінен басталды. Бұл нысан ауыл тұрғындарының мәдени өмірін жандандырып, түрлі қоғамдық және рухани іс-шараларды өткізуге мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік жоба саналады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Мердігер мекеме өкілдері ғимараттың ішкі әрлеу және инженерлік жүйелерін орнату кезеңдері туралы баяндап, нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беру үшін барлық қажетті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

Еркебұлан Дауылбаев құрылыс сапасына ерекше назар аударып, жауапты мекемелерге барлық жұмыстарды белгіленген талаптарға сай әрі уақытылы аяқтауды тапсырды. Оның айтуынша, әлеуметтік нысандар халықтың күнделікті тұрмыс сапасына тікелей әсер ететіндіктен, құрылыс барысында сапа мәселесіне ешқандай жеңілдік болмауы тиіс.

Облыс әкімінің орынбасары аудан орталығындағы №13 колледжде болып, оқу орнының материалдық-техникалық базасымен және білім беру үдерісімен танысты. Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі саналады. Колледжде студенттердің заманауи мамандықтарды игеруіне қажетті оқу кабинеттері, зертханалар мен өндірістік шеберханалардың жұмысы көрсетілді. Сонымен қатар еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлау бағытындағы жұмыстар сараланды.

Жұмыс сапары барысында реновациядан өткен №4 Жүсіп Баласағұн атындағы жалпы орта мектеп те араланды. Білім ордасында жүргізілген күрделі жаңғырту жұмыстары нәтижесінде оқу кабинеттері толықтай заманауи талаптарға сәйкестендіріліп, инженерлік желілер жаңартылған. Жаңартылған мектепте оқушылардың сапалы білім алуына және мұғалімдердің тиімді жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған.

Сапар барысында Абай ауылында салынып жатқан жаңа буынды дамыту орталығының, аудандық мұражайдың және арендалық екі қабатты сегіз тұрғын үйдің құрылыс алаңдары да назардан тыс қалған жоқ. Бұл жобалар ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың қатарында. Әсіресе, жалдамалы тұрғын үйлер халықтың баспана мәселесін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімінің орынбасары әрбір құрылыс нысаны бойынша мердігер ұйымдардың жұмыс қарқынын бағалап, құрылыс материалдарының сапасы мен жұмыстардың орындалу мерзімін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар қаржыландыру мәселелері мен техникалық қадағалау барысы да талқыланды.

Еркебұлан Дауылбаев Абай ауылындағы №1 «Күншуақ» бөбекжай-бақшасына арнайы барып, мекеменің қазіргі жағдайымен танысты. Балабақша ұжымы ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізу қажеттігін айтып, инженерлік жүйелердің тозуына байланысты қолдау көрсетуді сұрады. Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары бұл мәселені жауапты басқармалармен бірлесіп зерделеп, нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Оның айтуынша, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қауіпсіздігі мен жайлылығы әрдайым басты назарда болуы тиіс.

Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Ескіқорған елді мекенінде облыс әкімінің орынбасары №45 бастауыш мектептің жағдайымен танысты. Қазіргі таңда ауылда жаңа мектеп салу мәселесі өзекті болып отыр. Осыған байланысты Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев жаңа білім беру нысанының жобасы мен оны жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.

Еркебұлан Дауылбаев жаңа мектеп құрылысына қатысты ұйымдастыру жұмыстарын жеделдетуді, жобалық құжаттаманы толық аяқтап, қаржыландыру мәселесін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Оның айтуынша, ауыл балаларының сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі.

Жұмыс сапары аудан әкімдігінде өткен кеңейтілген мәжіліспен қорытындыланды. Кеңесте Келес ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, құрылыс нысандарының орындалу барысы, білім беру, тұрғын үй, мәдениет және әлеуметтік саладағы өзекті мәселелер жан-жақты қаралды. Облыс әкімінің орынбасары жауапты басқармалар мен аудан әкімдігіне барлық жобаларды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды, тұрғындар көтерген мәселелерді жедел шешуді және әрбір нысан бойынша тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды.

Сарапшылардың пікірінше, Келес ауданында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалар өңірдің инфрақұрылымын жаңғыртып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауданның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін береді. Мемлекеттік бағдарламалар аясындағы мұндай жобалардың уақтылы әрі сапалы іске асырылуы халықтың әл-ауқатын жақсартудың маңызды тетігі болып қала береді.

Ұқсас жаңалықтар

Түркияға 55 тонна гуманитарлық көмек жіберіледі

admin

Түркістан облысының елді мекендерін бас жоспармен қамту жөнінде жол картасы жасалды

admin

ШЫМКЕНТ: ШАЛҒАЙ АУДАНДАРҒА БАРАТЫН АВТОБУСТАР САНЫ КӨБЕЙЕДІ

admin