Ұрылар малды жайылымда жүрген жерінен сойып әкетуде
Естімеген елде көп, ұрылар енді малды жайылымда жүрген жерінен сойып алатын болыпты. Осы күнге дейін малды айдап әкетуші еді, немесе атып, өлігін тиеп алатын. Мал ұрлығының жаңаша түрі Түркістан облысында пайда болды, деп хабарлайды smartnews.kz
Ет дегенде бет бар ма демекші, Созақ ауданының тұрғыны өз жайымен бос жүрген бөтен жылқыны ұстап алып бауыздаған. Сөйтіп, қолын қол, аяғын аяқ етіп жіліктеген соң жеңіл көлігіне салып әкеткен. Көптен бері қызылсырап қалған ба кім білсін, түнде пышағы мен асай-мүсейін алып, елдің сыртындағы жазыққа беттеген. Жазықтағы қамсыз жүрген жануардың үйіріне таяп келіп, біріне арқаннан құрық салған екен. Бейшара мал мойнына түскен арқаннан құтыла алмай пышаққа ілінген. Ал егесі жылқысын іздеп таппаған. Елге хабар бергенімен көрген-білген адам болмаған. Не қарасы, не ізі жоқ жануардың айдалада бас-сирақтары мен ішек-шабағы шашылып қалыпты. Егесі соны тауып, малының орнын сипап қалған. Сонымен қайда барсын, полицияға барған. Полиция да аң-таң. Малды жайылымнан түнде сойып әкетіпті дегенді бұрын-соңды кім естіп көріпті. Ақыры ұры ұсталды. Сырттан келген жау жоқ, сол ауылдың тұрғыны болып шықты. Көлігіндегі арқан және басқа белгілер сараптамадан өткізіліп, жылқыны ұстап алып сойып әкеткені дәлелін тапты. Сойып әкеткен жылқының құны 700 мың теңге екен. Іс бойынша соттың қандай жаза тағайындайтыны әзірге белгісіз. Оңай олжа табамын деген ұрының тәжірибесі жоқ болса керек. Ізін жасырып кетуді білмегендіктен оп-оңай қолға түскен. Есесіне бұл жағдай өзге ұрыларға ой салып отыр. Бір қызығы табиғаттағы қабанның құны да 700 мың теңге көрінеді. Сол Түркістан облысының Түлкібас ауданында жабайы қабанды сойып алған адам үш жарым жылға қамалды. Іс материалында «Мемлекетке келтірілген шығын 700 мың теңге» деп көрсетілген. Демек, қабанның құны жылқының құнымен тең. Полицейлер әлгі қасаптың ізін суытпай, қабанның тұтас етін тәркілеген. Ұры қабанды жеп те үлгермепті. Негізінен, мал ұрлығы деген барлық өңірде өршіп тұр. Мысалы, Қызылорда облысында малдың өрістен қайтпай, үшті-күйлі жоғалуы үйреншікті жағдай. Сондықтан бұл өңірде «Ауыл шаруашылығы жануарларын ұрлауға қарсы іс-қимылдың жол картасы» деген құжат қабылданған. Сол бойынша тас жолдарда корапты көліктерге күнде тексеру жүргізіліп отырады. Соның өзінде мал ұрлығы ешбір тыйылмаған. Елді титықтатқан ұрыларды ұстауға тұрғындар да көмектесіп жатыр. Адамдар полиция инспекторлары мен ауыл әкімдеріне ілесіп, барымташыларды аңдуға шығатын болған. Қызылорда облысында ұрылар қылмыс үстінде тұзаққа түскенімен, мал иесімен мәмілеге келетін жағдай жиі болушы еді. Сөйтіп олар жазадан құтылған соң көп ұзамай баяғы мал ұрлау кәсібіне қайта бас ұратын болған. Ал осы күні Қылмыстық кодекске енгізілген жаңа бап бойынша ұрылар мал иелерімен мәміле жасай алмайтын көрінеді. Қылмыстық кодекске 2020 жылдың қазан айынан бастап енгізілген жаңа бап бойынша екі жақтың мәмілелесуіне мүмкіндік жоқ. Міндетті түрде іс қозғалады. Негізі малдың қараусыз жүруі тек біздің елімізде ғана бар болар. Ортадан малшы шығарып, ауыл болып оған жалақы төлейтін ауылдар бүгінде жоқ. Қараусыз мал тіпті қалалардың көшелеріне де кіріп, қоқыс контейнерлерін жағалап жүреді. Созақтағы қызылсыраған адам сияқтылар болып жатса, олар үшін босып жүрген мал көп. Шетінен ұстап ал да, сойып жей бер. Қараусыз мал көздің жауы. Ал бақылауы мықты болса, мал оңайлықпен қолды болмайды ғой. Ендеше, өз малымызға өзіміз ие болайық.