Келес ауданындағы тойхана мектепке айналды
Түркістан облысы, Келес ауданындағы кәсіпкерлер арасында тойханаларын басқа бизнеске бейімдегендердің қатары көбейді
Соның бірі – Досжан Искендиров. Кәсіпкердің Келес ауданында «Нұр» тойханасы жуырда мектепке айналды.Кәсіпкердің бағытын өзгертуге пандемия сеп болған. Пандемияға байланысты жиын-тойға шектеу қойылған соң уақытында аты шығып, ауданның маңдайалды тойларын өткізген, бүгінде атауын «Нұр бала» деп өзгерткен тойхана мектеп ретіне жұмысын бастап отыр.«Бұл ғимарат салтанат сарайы емес, енді ақысыз мектеп болады. Қазір 300 орындық бастауыш мектебін аштық. Балалар осы төңіректен, жақын елді мекендерден келуде. Балалардың тасымалы үшін екі автобус жалдаған болатынбыз. Таңертең сағат 9:00-ден басталған сабақ түсте аяқталады. Мектепте балаларға түскі тамақтары беріліп, қосымша сабақтар өткізілуде. Оқушылардың барлығы ақысыз білім алуда», – дейді нысан иесі Досжан Искендиров. Айта кетейік, бүгінгі таңда Келес ауданы бойынша 5 тойхана бизнестегі бағытын өзгертіп, бірі кәсіпорынға, тағы бірі мектеп ғимаратына айналды.