Шымкенттегі жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды

0

Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимовтың айтуынша, зардап шеккен 7 адамның ішінде бесеуі – перинаталдық орталықтың қызметкерлері. Төртеуі кіші буын қызметкерлері болса, біреуі – медбике. Қазіргі кезде олардың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

«Екі санитар әйел жансақтау бөліміне түскен. Біреуі бастан жарақат алды, оң аяғына да зақым келді. Ол жансақтау бөлімінде, жағдайы тұрақты. Екінші санитар әйел де жарақат алды, оны жалпы бөлімге ауыстырып жатырмыз. Сонда жансақтау бөлімінде бір адам қалып отыр. Бірақ оны да дүйсенбі күні жалпы бөлімге ауыстырамыз», — деді Пашимов бүгін өткен брифингте.

Жарылыс кезінде жарақат алған тағы екі адам – жұмысшы. Олар перинаталдық орталықта күрделі жөндеу жұмыстарын жасап жүрген.
Басқарма басшысының айтуынша, перинаталдық орталықта өрт болмаған. Жарылыстың қатты болғаны сонша, толқыны ғимаратты зақымдап жіберген, терезелері сынып, кейбір қабырғалары бұзылған.

«Мен орталық ұжымына үлкен алғысымды айтайын деп едім. Кеше жарылыстан кейін біреуі де жұмысын тастап кеткен жоқ. Барлығы жұмылып, соңына дейін жүрді. Далада жүрген адамдар да көмекке жетіп келді», — деп атап өтті басқарма басшысы.

Еске салайық, Шымкенттегі перзентхана маңында болған жарылыс салдарынан ауруханааралық дәріхана ғимараты қирап қалды. Алдын ала болжам бойынша, жарылысқа газдың жиналуы себеп болған. Жарылыс кезінде күзетші мен 18 күндік шақалақ жан тапсырған еді



ПІКІР ЖАЗУ