Құқық қорғаушы үйінің терезесін сындырғандарды анықтаудан бас тартқан полицияның әрекетіне шағым түсірді

0

Нұрсұлтандық құқық қорғаушы Жасұлан Сүлейменов үйінің терезесіне тас жаудырғандарды анықтаудан бас тартқан полицияның әрекетіне шағым түсірді. Бұл жөнінде құқық қорғаушы 24 шілдеде Азаттыққа хабарлады. Оның сөзіне қарағанда, бір күн бұрын ол қала прокуратурасына «полицияның әрекетсіздігі туралы» шағым түсірген.

Құқық қорғаушының айтуынша 21 шілдеде түнде оның Нұр-Сұлтан қаласы Манас көшесіндегі бес қабатты үйдегі пәтерінің терезесін біреулер таспен атқылап сындырған. Ол полицияға арыз түсіргенімен «қаралмаған».

– Сағат 23-тер шамасында менің пәтерімнің терезесіне тастар қарша борай бастады. Үйдің қабырғаларына, әйнекке тиіп, қатты соққы болды. Біз “бұл кім, доғарыңдар лақтыруды” деп айқайладық. Ас үйдің терезесі ашық болатын. Одан кейін менің бөлмемнің терезесі еді. Оған тиген тас терезені сырып өтті. Мен бірден 102 полиция қызметіне хабарладым, — дейді ол.

Полиция жедел тобы келіп, оқиға орнын қарағанымен кейін 1414 қызметі арқылы шағымның қараусыз қалдырылғаны туралы хабарлама жіберген, бірақ себебін айтпаған.

Азаттық тілшісі Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментіне қоңырау шалған еді. Полиция баспасөз қызметі шағымның қаралмау себебін анықтауға уәде бергенімен кері жауап болмады.

45 жастағы Жасұлан Сүлейменов бұл әрекетті өзінің құқық қорғау қызметімен байланыстырады. Студент кезінде жоғары қабаттан құлаған құқық қорғаушының 1-топтағы мүгедектігі бар. Сүлейменов 2011 жылы «терроризмді насихаттады», «террорлық акт жасауға шақырды», «террорлық топ құрды» деп айыпталып сегіз жылға сотталған. 2017 жылы БҰҰ-ның адам құқығы комитетіне өзінің абақтыда жатқанда азапталғанына шағымданып, жеңіске жеткен. Бірақ Қазақстан тарабы осы күнге дейін оның БҰҰ-ға келтірген шағымдарына қатысты зерттеу жасаған жоқ.



ПІКІР ЖАЗУ