Ресей Еуропаға газ экспортын азайтса, өз экономикасын өзі күйретеді

0

 «Солтүстік ағым — 1» газ құбыры арқылы айдайтын табиғи газды 20 пайызға азайтып, Ресей өз экономикасына өзі күйрете соққы береді. Ресейдің энергетикалық секторындағы жағдайды сараптаған Йель университетінің зерттеушілері Fortune журналына осылай жазып отыр.  «Әлем елдерінің Ресей газына мұқтаждығынан гөрі, тек экономикалық көзқарас тұрғысынан алғанда Ресей президенті Владимир Путиннің Еуропа нарығына мұқтаждығы әлдеқайда көбірек» дейді Джеффри Сонненфелд пен Стивен Тиан. Былтыр Еуропа энергоресурстарының 46 пайызын Ресейден алған, ал Ресей экспортының 83 пайызы Еуропаға бағытталған. Мәскеу мұнайын Азия елдеріне 35 пайыз жеңілдікпен сатуға мәжбүр. Оның үстіне, Ресей Қытай мен Үндістанға 2021 жылы Еуропаға жеткізетін газының 10 пайызын ғана айдаған.

 «Еуропаға жеткізетін табиғи газды азайту секілді Путиннің ойындары шын мәнінде өз елінің экономикасына орасан зардабын тигізеді. Мемлекеттік шығындардың өсіп бара жатқанын, бюджет тапшылығын, алтын валюта қорының түбі көріне бастағанын ескерсек, Ресейдің мұнай мен газ экспортынан табысы апатты жағдайға жақындап қалды деуге болады», — деп жазады екі зерттеуші.

 АҚШ сарапшылары «Путиннің Еуропа елдері арасына жік салу, Еуропа сайлаушыларын қорқытып-үркіту жөніндегі әрекеттерінен түк шықпайды» деп санайды. Олардың сөзінше, «Еуропа мен АҚШ саясаткерлері бірлескен әрекеттер жасап отыр. Стратегиялық қордан келіп жатқан мұнай көлемі Ресей экспортынан көп. АҚШ мұнай мен газ өндірісін күрт ұлғайтуға кіріскен. Табиғи газ бен сығымдалған газ өндірісі және мұнай өндірісі рекорд деңгейіне жеткен».

  • 16 маусымнан бастап «Газпром» «Солтүстік ағым — 1» арқылы газ айдауды 60 пайызға төмендеткен, онысын санкцияға байланысты газ турбинасының Канадада қалып қойғанымен байланыстырған.
  • Ресей газы Еуропа пайдаланатын табиғи газдың 40 пайызын құрайды. Егер Ресей газды толығымен тоқтатса, Германия мен Еуропа одағының өзге де елдерінде газ тапшылығы болады.
  • Шілденің ортасында Ресей газына тыйым салу — Еуропа одағы салатын санкцияның жетінші пакетіне кірмейтіні белгілі болған.
  • Германия канцлері Олаф Шольц пен экономика министрі Роберт Хабек «газдың азайғанына техникалық себеп емес, саяси себеп түрткі болды, Ресей Еуропа одағы елдеріне «газ соғысын» жариялап отыр» деп айыптай сөйлеген. Мәскеу мұны үзілді-кесілді жоққа шығарып келеді.


ПІКІР ЖАЗУ