ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ЕКІ АУЫЛҒА ТАБИҒИ ГАЗ БЕРІЛДІ
Ордабасы ауданы, Қажымұқан ауылдық округіне қарасты Боралдай және Қызылсеңгір ауылдарына табиғи газ берілді.
Қос ауылдың тұрғындарының көптен күткен қуанышын бөлісуге аудан әкімі Нұрбек Бадырақов арнайы қатысып, тиісті жұмыстарды қазан айына дейін аяқтап, халыққа мерзімінде газ беріліп отырғандығын жеткізді.
— Ауданға әкім болып тағайындалғанда 57 елді мекеннің барлығын аралап шықтым. Ауылдардағы жүзеге асырылуы тиіс мәселелерді сондағы тұрғындармен бірге талқыладық. Соның бірі елдімекендерді газбен қамту мәселесі болатын. Боралдай мен Қызылсеңгірге қазан айына дейін газ беріледі деп уәде берілген еді. Бүгін сол сәт туып, сіздердің қуаныштарыңызға ортақтасып отырмыз, — деді аудан басшысы.
Айта кету керек, Боралдай елді мекенінде 80-ге тарта үй бар, онда 500-ге жуық тұрғын өмір сүреді. Ал, Қызылсеңгір ауылында 57 үй бар. Онда 400-ден астам халық тұрады.
Жалпы, Ордабасы ауданында 57 елді мекеннің
4-уі ғана табиғи газбен қамтылған, яғни газбен қамтылу деңгейі 17 пайызға жетіп отыр. Келесі жылы ауылдарды газбен қамту көрсеткішін 45%-ға жеткізу жоспарлануда.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі