17 тонна жанармай мен миллиард теңге: Шымкентте мұнай өнімдерін ұрлау схемасы әшкереленді

Шымкент мұнай өңдеу зауытынан мұнай өнімдерін ұрлау схемасы әшкереленді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 7 қаңтарда Шымкент полиция департаменті жедел ақпарат негізінде жанар-жағар майды заңсыз шығару арнасын ұйымдастырған адамдар тобын ұстады.
Қылмыстық схемаға мұнай өңдеу зауытына қарасты компания қызметкерлері мегаполис тұрғындарымен сөз байласып әрекет еткен.
Тексеру барысында ұрланған жанар-жағар майды бірнеше база аумағында сақтау және сату фактілері анықталды. Ұрлықтан түскен қаражаттың жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам екені белгілі болды.
Тінту кезінде үлкен көлемде ақша, 17 тоннадан астам жанар-жағар май, оны сақтау мен айдау үшін құрал-жабдықтар және бірнеше автоцистерна тәркіленді.
Барлық күдіктілер ұсталды, аса ірі мөлшерде ұрлық жасалған фактісі бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Қылмыстық іс шеңберінде Шымкент мұнай өңдеу зауыты қызметкерлерінің қылмысқа, оның ішінде контрабанда мақсатындағы іске қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда.








