Алматы әкімі қар ерітетін инфрақұрылымдық нысанды аралап көрді

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Бостандық ауданындағы қар ерітетін пунктін аралап көрді. Бұл қала аумағында қарды уақытша полигонға жинамай-ақ ерітуге мүмкіндік беретін заманауи инфрақұрылымдық нысан, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қондырғы тәулігіне 4 мың текше метр қар еріте алады, бұл 320–370 жүк көлігіне рейсіне тең. Минус 40 градусқа дейінгі температурада пайдалануға болатын станция табиғи газбен жұмыс істейді. Бұл қыс мезгіліндегі ең жоғары жүктеме кезеңдерінде ерекше маңызға ие. Қалалық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дамыту аясында қар еріту станциялары желісін кеңейту жоспарланып отыр. Биыл қаланың әртүрлі ауданында тағы екі пунктті іске қосу көзделген. Бұл қар шығару жұмыстарын жеделдетуге, тасымалдау қашықтығын қысқартуға, шығынды азайтуға және қоршаған ортаға әсерді барынша төмендетуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ қала әкімі нысанның көпфункционалды болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Атап айтқанда, оны коммуналдық техниканы орналастыру және оған қызмет көрсетуге арналған база ретінде пайдалану көзделген.