Алматыда Кореяға жұмысқа орналастыратын арнайы орталықтар ашылады

Алматы облысы Қонаев қаласында өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев Корея Республикасының еңбек миграциясы жөніндегі делегация өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесудің негізгі мақсаты – қазақстандық азаматтарды Корея Республикасына жұмысқа орналастыруға мүмкіндік беретін рұқсат жүйесі аясындағы ынтымақтастықты дамыту. Жиынға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Басқосуда корей тарапы «ЭйПиЭС» (Employment Permit System) бағдарламасының жұмыс тәртібімен таныстырып, оның Кореяда жұмыс күші тапшы салаларға шетелдік азаматтарды заңды түрде тартуға бағытталғанын атап өтті. Осы орайда Қазақстанның аталған жүйеге қосылу мүмкіндігі кеңінен талқыланды.

Қазақстан тарапынан жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстары жөнінде Алматы облысының мобильді еңбек орталығының директоры Абылай Зуайда мәлімет берді.

Қазіргі таңда келіссөздердің екінші кезеңі өтіп жатыр. Бірінші кезеңде тараптар президенттер деңгейінде меморандумға қол қойған болатын. Ал екінші кезеңде Қазақстанның жұмыс күшін Кореяға жіберуге қаншалықты дайын екені бағаланады. Осы мақсатта корей делегациясы арнайы колледждер мен оқу орталықтарын аралап, дайындық деңгейімен танысып жатыр. Егер барлық талаптар оң бағаланып, келіссөздер сәтті аяқталса, алдағы уақытта толыққанды меморандумға қол қою жоспарлануда, – деді ол.

Мамандардың пікірінше, бағдарламаға қосылған жағдайда өңірде арнайы оқу орталықтарын ашу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта осы бағытта тиісті нысандармен танысу және инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді бағалау жұмыстары жүргізілуде. Алматы облысының әкімі бұл бастаманың тұрғындарды заңды жұмыспен қамтуға және халықаралық еңбек тәжірибесін игеруге жол ашатынын атап өтті.

Ал корей тарапы түпкілікті шешім барлық дайындық кезеңдері аяқталғаннан кейін Корея Республикасының ведомствоаралық комиссиясында қабылданатынын жеткізді.