Астанада жаңа жұмыс кестесінің арқасында кептеліс азайды

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қаланың жол-көлік жүйесіндегі өзгерістер жайлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі басты мәселе – жолдардың жоғары жүктемесі. Қалада 437 мың автокөлік тіркелген, ал күн сайын шамамен 90 мың транзиттік көлік өтеді, – деді әкім.
Жолдарға ең көп жүктеме түсетін учаскелері ретінде Есіл және Нұра аудандары, көпірлерге апаратын жолдар, Мәңгілік ел, Қабанбай батыр, Тұран даңғылы және Сарайшық, Қонаев, Достық көшелері аталды.
Бұл мәселені шешу мақсатында әкімдік 2035 жылға дейінгі транспорттық жүйені дамытуға бағытталған кешенді “Жол картасын” әзірледі. Онда қысқа және ұзақ мерзімді шаралар қарастырылған.
Қысқа мерзімді шаралар қазірдің өзінде өз нәтижесін беріп жатыр. Атап айтқанда, Есіл және Нұра аудандарындағы мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың 39 мың қызметкерінің жұмыс кестесі өзгертілді. Бұл өзгеріс қазан айынан бастап толық күшіне енді, нәтижесінде таңғы және күндізгі сағаттарда жолдардың өткізу қуаты артты, – деді Қасымбек брифингте.
Мысалы, таңғы сағаттағы қозғалыс жылдамдығы 10-15% (шамамен 6 км/сағ) өсті, негізгі даңғылдардағы жүктеме 5-10% төмендеді. Мәңгілік ел даңғылында қыркүйек басында таңғы сағаттағы көлік саны 4 152 болса, жұмыс кестесінің өзгеруінен кейін 4 420-ға жетіп, орташа жылдамдық 18-ден 20 км/сағ-қа көтерілді. Тұран даңғылында көлік саны 4 190-нан 5 364-ке дейін өсіп, орташа жылдамдық 17-ден 20 км/сағ-қа артты.
Сарайшық, Қонаев, Достық көшелерінде де қозғалыс жылдамдығы мен өткізу қуаты артты. Мысалы, Сарайшық көшесінде көлік саны 3 300-ден 3 506-ға дейін өскен, жылдамдық 21-ден 28 км/сағ-қа көтерілген. Қонаев көшесінде көлік саны 2 418-ден 2 710-ға дейін, жылдамдық 21-ден 26 км/сағ-қа жеткен. Достық көшесінде көлік саны 2 318-ден 2 572-ге дейін, жылдамдық 23-тен 27 км/сағ-қа артқан. Сығанақ көшесінде қозғалыс шамамен тұрақты болғанымен, жылдамдық 21-ден 27 км/сағ-қа өскен.
Алайда кешкі сағаттарда негізгі көпірлер мен шығу жолдарында жүктеме әлі де сақталып отыр. Кешкі сағаттағы қозғалыс жылдамдығы өзгермегенімен, көлік саны тек 4% (+63 көлік/сағат) артқан.








