Бейжіңде Қазақстан мен Қытай теміржол әкімшіліктері басшылары кездесті

Бейжің қаласында «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов пен Қытай мемлекеттік темір жолдары корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Го Чжусюе арасында келіссөздер өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қысқа уақыт ішінде бұл – үшінші кездесу. Бұл Қазақстан мен Қытай теміржол әкімшіліктері арасындағы өзара ықпалдастықтың тығыз екенін көрсетеді.
Келіссөздер барысында қытай тарапы 2025 жыл қорытындысы бойынша жүк тасымалы көлемінің жоспарлы әрі тұрақты өсіп отырғанын қанағаттанушылықпен атап өтті. Тараптар 2026 жылы мемлекетаралық шекаралық өткелдер арқылы тасымал көлемін арттыру және пойыз алмасуды көбейту жөніндегі жоспарларды белгіледі.
Негізгі бағыттар бойынша контейнерлік сервистерді бірлесіп дамытуға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, ТМТМ, «Қытай – Еуропа», «Қытай – Орталық Азия» және «Қытай – Ресей» бағыттары талқыланды.

Транзиттік әлеуетті нығайту мақсатында тараптар контейнерлік пойыздар санын көбейту, өзара іс-қимыл үдерістерін терең цифрландыру және тасымалды жоспарлау мен басқару бойынша ақпаратты алдын ала алмасу туралы келісімге келді.
Кең ауқымды жұмыс инфрақұрылымдық жобаларды да қамтиды. Атап айтқанда, «Алашанькоу – Достық» учаскесінде екінші жолдарды салу жұмыстарын үйлестіру, терминалдық қуаттарды дамыту, сондай-ақ «Алтынкөл – Қорғас» және «Қорғас – Цзинхэ» учаскелерін жаңғырту жоспарланып отыр.
Күн тәртібіндегі жеке мәселе ретінде үшінші трансшекаралық теміржол өткелі – «Бақты – Тачэн» жобасын іске асыру, оның ішінде болжамды жүк көлемі мен жүк номенклатурасын айқындау талқыланды.
Сонымен қатар мәдени байланыстарды нығайту мақсатында Қытайдан Қазақстан қалалары мен Орталық Азия елдеріне туристік пойыз іске қосу мәселесі де қарастырылды.








