Brent мұнайы 72 долларға дейін көтерілуі мүмкін: Нарықта не болып жатыр?

Мұнай нарығында баға құбылып тұрғанымен, негізгі тренд өзгерген жоқ. Алайда Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістер күшейсе, Brent маркалы мұнай бағасы 72 доллар деңгейіне дейін көтерілуі мүмкін деген болжам айтылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мұнай нарығындағы жағдай бір қарағанда құбылмалы көрінгенімен, сарапшылар негізгі трендтің өзгермегенін айтып отыр. Бағаның қысқа мерзімді ауытқуы болғанымен, нарықта артық ұсыныс сақталып тұр. Бұл – бағаға қатысты биылғы алаңдаушылықтың басты себебі.

Артық ұсыныс сақталып отыр

Мұнай және энергетика саласының сарапшысы Олжас Байділдиновтің айтуынша, нарықтағы күнделікті немесе апталық құбылуларды ұзақ мерзімді үрдіс деп қабылдауға болмайды.

Мұнай нарықтары түрлі факторларға байланысты бірде жоғары, бірде төмен қарай құбылуы мүмкін. Алайда бұл жалпы үрдісті өзгертпейді: мұнай нарығында артық ұсыныс бар. ОПЕК+ ұйымының өндірісті бұрынғы деңгейде сақтау жөніндегі соңғы шешімі де осыны көрсетіп отыр, – дейді сарапшы.

Оның сөзінше, биыл мұнай бағасына қатысты жағдайды «мазасыз» деуге болады. Баға бір баррель үшін 60 доллардан да төмен түсуі ықтимал.

ОПЕК+ қысқартуы бағаға неге әсер етпеді?

Сарапшы ОПЕК+ елдерінің нарықтан тәулігіне шамамен 2,5 млн баррель мұнайды алып тастағанын еске салды. Алайда бұл шешім де бағаға айтарлықтай серпін берген жоқ.

Қазақстан да бұл келісімге қосылғанымен, оны толық орындаған жоқ. Қазақстан қазір мұнайды ең жоғары деңгейде өндіріп отыр, былтыр тәулігіне 2,2 миллион баррель өндірді. Яғни нарықтан Қазақстан өндіріп отырған көлемнен де көп мұнай алынып тасталды. Соған қарамастан, бұл бағаға айтарлықтай әсер еткен жоқ, – дейді Олжас Байділдинов.

Ол мұнай бағасының 60 доллардан да төмен түскен кезеңдерін және америкалық WTI маркалы мұнайдың 55 доллар шамасында саудаланғанын мысалға келтірді.

Қысқа мерзімді баға мәселені шеше ме?

Сарапшының пайымдауынша, мұнай нарығында қысқа мерзімді ауытқулар шешуші рөл атқармайды. Себебі мұнай, негізінен, ұзақ мерзімді келісімшарттар арқылы сатылады.

Мұнай, әдетте, ұзақ мерзімді келісімшарттармен, орташа айлық котировкаларға немесе алдын ала белгіленген бағаға байланған. Сондықтан мұндай қысқа мерзімді өзгерістер мұнай компанияларына да, Қазақстанның бюджетіне де қатты әсер етпейді, – дейді ол.

Бағаның өсуі немесе төмендеуі туралы нақты тренд қалыптасуы үшін бағалар кемінде жарты жыл бойы тұрақты болуы керек.

Таяу Шығыс факторы: қауіп күшейсе, баға өсуі мүмкін бе?

Экономист Бауыржан Ысқақов мұнай бағасына Таяу Шығыстағы геосаяси жағдай тікелей әсер етуі мүмкін екенін айтады. Оның айтуынша, әсіресе Иран, Израиль және АҚШ қатысатын шиеленістер нарыққа бірнеше жолмен ықпал етеді.

Қорқыныш пен белгісіздік

Бірінші кезекте – қорқыныш пен белгісіздік. Геосаяси тәуекел күшейген кезде инвесторлар шикізат жеткізілімі қиындайды деп қауіптенеді. Осындай сәттерде мұнай бағасы өсуі мүмкін, – дейді экономист.

Логистика мен транзит тәуекелі

Сарапшының мәлімдеуінше, екінші маңызды фактор – логистика.

Таяу Шығыстағы маңызды транзит аймақтары, мысалы, Ормуз шығанағы арқылы мұнай экспортының едәуір бөлігі өтеді. Егер бұл бағыттарға қауіп төнсе, жеткізілім қысқарып, нарықта баға көтерілуі мүмкін, – дейді Бауыржан Ысқақов.

Өндіріс пен санкциялар ықпалы

Үшінші фактор – ірі өндіруші елдердегі өндіріс пен санкциялық шектеулер.

Иран, Сауд Арабиясы, Ирак сияқты елдерде өндіріс қысқарса немесе санкциялар күшейсе, ұсыныс азаяды. Бұл да бағаның өсу ықтималдығын арттырады, – дейді ол.

Brent бағасы қай деңгейге дейін өсуі мүмкін?

Экономист Brent маркалы мұнайдың 72 долларға дейін көтерілуіне негіз бар екенін айтады.

Бірқатар ірі қаржы институттары мен сарапшылар Таяу Шығыстағы тәуекелдер күшейсе, Brent бағасы 72 долларға, тіпті 85 долларға дейін жетуі мүмкін екенін айтып отыр, – дейді Бауыржан Ысқақов.

Ал жеткізу айтарлықтай қысқарған жағдайда баға одан да жоғары көтерілуі мүмкін.

Мұнай тасымалдау қатты шектелсе, Brent маркасы 90 долларға дейін өсуі ықтимал, – дейді экономист.

Сонымен бірге ол баға тек геосаяси факторларға ғана тәуелді емес екенін ескертті.

Баға нарықтағы ұсыныс пен сұранысқа, жаһандық экономикалық өсімге, ОПЕК+ елдерінің саясатына байланысты. Ұсыныс артып, сұраныс төмендесе, шиеленіс болған күннің өзінде бағаның өсуі шектелуі мүмкін. Биыл Brent бағасы 72-75 доллар шамасында болады деп айтуға негіз бар, – деп түйіндейді Бауыржан Ысқақов.

Қорытындылай келе, мұнай нарығындағы қысқа мерзімді баға құбылуы негізгі трендті өзгертіп отырған жоқ, алайда Таяу Шығыстағы геосаяси тәуекелдердің күшеюі Brent бағасының 72 доллар деңгейіне көтерілуіне түрткі болуы мүмкін.

Дегенмен ұзақ мерзімді бағыт ұсыныс пен сұраныс тепе-теңдігіне, ОПЕК+ шешімдеріне және жаһандық экономикалық ахуалға тәуелді болмақ.