Енді құс етін ұзақ сақтауға болады: Қазақстандық ғалымдар жаңа технология ұсынды

Қазақстандық ғалымдар салқындатылған құс етінің сақтау мерзімін айтарлықтай ұзартуға мүмкіндік беретін инновациялық технологияны әзірледі. Жаңа әдіс нитраттар мен нитриттерді қолданбай-ақ өнімді 0±1 °C температурада 20 тәулікке дейін сақтауға жол ашады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әзірлеме Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты мамандарына тиесілі.
Технологияның негізі неде?
Инновацияның өзегі – сүт сарысуы мен Lactococcus lactis ssp. lactis F-116 гибридті штамының бактериоцині негізінде жасалған антимикробтық тағамдық жабын. Бұл биоконсервант Pseudomonas, Salmonella, Listeria секілді негізгі патогендердің дамуын тежейді.
Маңыздысы – жабын құрамында улы химиялық қоспалар жоқ. Ол халықаралық «Clean Label» тұжырымдамасына сай келеді. Яғни, өнім табиғи әрі қауіпсіз құрамымен ерекшеленеді.
Қандай артықшылық береді?
Ғалымдардың айтуынша, бұл жабынды қолдану салқындатылған шикізаттың микробиологиялық бұзылуын едәуір баяулатады. Нәтижесінде өнім сапасы ұзақ сақталады.Органолептикалық көрсеткіштер дәмі, иісі, түсі де өзгермейді, тасымалдау географиясын кеңейтуге мүмкіндік туады және бұзылудан болатын шығындар азаяды.
Сақтау мерзімін 20 тәулікке дейін ұзарту, әсіресе экспорт үшін стратегиялық маңызды. Логистика ауқымы кеңейіп, өнімнің қосылған құны артады.
Нарық үшін неге маңызды?
Food and Agriculture Organization деректеріне сәйкес, 2030 жылға қарай құс еті әлемдік ет нарығының шамамен 41%-ын құрайды. Демек, салқындатылған өнімнің сақтау мерзімін ұзарту – бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторына айналады.
Қазақстан үшін бұл ішкі нарықты сапалы өніммен тұрақты қамтуға, салқындатылған ет экспортын ұлғайтуда маңызды рөл атқарады.








