The Dala Times ақпараттық сайты
АқпаратБасты жаңалықҚоғамСаясат

Қауіпсіздік пен қамқорлық ұштасқан игі шара өтті

Сарыағаш ауданында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталығында қайырымдылық және профилактикалық бағыттағы тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Аталған шараға Сарыағаш ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, жергілікті атқарушы орган өкілдері, кәсіпкерлер және орталық ұжымы қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты – бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, олардың ата-аналары мен қамқоршылары арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, жазғы демалыс кезеңіндегі қауіп-қатерлердің алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізу болды.

Шара аясында балаларға арнайы мерекелік дастархан жайылып, концерттік бағдарлама ұсынылды. Ән мен күйден, қызықты ойындар мен көңілді қойылымдардан құралған мерекелік кеш бүлдіршіндерге ерекше әсер сыйлады. Балалардың жүзіндегі қуаныш пен шаттық ұйымдастырушылардың еңбегінің нәтижесін айқын көрсетті.

Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары ата-аналармен және орталық қызметкерлерімен арнайы кездесу өткізіп, жаз мезгіліндегі қауіпсіздік мәселелеріне кеңінен тоқталды. Әсіресе, суға түсу маусымында орын алуы мүмкін қайғылы жағдайлардың алдын алу, балаларды қараусыз қалдырмау, тек рұқсат етілген орындарда шомылудың маңыздылығы туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Мамандар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөнінде де маңызды ақпарат берді. Тұрмыста электр құралдарын дұрыс пайдалану, газ жабдықтарының қауіпсіздігі, балалардың отпен ойнауына жол бермеу және төтенше жағдай туындаған кезде әрекет ету тәртібі түсіндірілді.

Кездесу соңында қатысушыларға қауіпсіздік ережелері қамтылған арнайы жадынамалар таратылып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берілді.

Мұндай игі бастамалар қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттырып қана қоймай, балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатына ерекше көңіл бөлудің маңызын көрсетеді. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да халық арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған осындай профилактикалық және қайырымдылық шаралары жалғасын табатынын атап өтті.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысының жылыжайларынан бір жылда 140 мың тонна өнім жиналды

admin

Қазығұрт тұрғындары референдумды қызу қолдап отыр

admin

Су тасқынынан зардап шеккен бір де бір адам көмексіз қалмайды — президент

admin