The Dala Times ақпараттық сайты
АқпаратБасты жаңалық

Қазақстан мен Армения экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті

19 қыркүйекте Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық Қазақстан-армян комиссиясының 11-отырысы өтті. Жиынға ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Армения вице-премьері Мгер Григорян төрағалық етті, деп хабарлайды BAQ.KZ Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап.

Кездесуде сауда, инвестиция, көлік, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, мәдениет және туризм салаларындағы бірлескен жобалар талқыланды.

Серік Жұманғариннің айтуынша, Қазақстан Арменияға металлургия, мұнай-химия, химия және тамақ өнімдерін жеткізу арқылы экспорт әлеуетін шамамен $350 млн-ға дейін ұлғайта алады. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы $36 млн құраса, 2025 жылдың алғашқы жеті айында $28,7 млн-ға жетті.

Көлік саласында Қазақстан армян әуе компанияларына «әуе еркіндігінің» 5-деңгейін беруді және тікелей рейстер ашуды ұсынды. Армения өз кезегінде Қазақстан – Түрікменстан – Иран – Армения бағыты бойынша жаңа жүк дәлізін құруға қолдау білдірді. Сондай-ақ қазақстандық бидай жеткізу көлемін арттыру мүмкіндігі қарастырылды.

Инвестициялық салада тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, зергерлік өнеркәсіпті дамыту бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға келісті.

Отырыс қорытындысында екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған хаттамаға қол қойылды.

Ұқсас жаңалықтар

КАРАНТИН ТАЛАПТАРЫН ҚАТАҢ САҚТАЙЫҚ!

admin

Сайрам: индустриялық аймақта 126 жоба іске асырылады

admin

Жұмысшы мамандықтар жылы: Жастарға арналған «Үздік-2025» жобасы басталды

admin