Қазақстанда хоккейден Азия чемпионаты өтеді

0

 5-8 қараша аралығында Өскеменде әйелдер арасындағы Азия чемпионаты өтеді. Бұл — Қазақстан әйелдер құрамасының өз айдынында өткізетін алғашқы халықаралық турнирі, деп хабарлайды BAQ.KZ Қазақстан хоккей федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстандық хоккейдің бесігі саналатын Өскемен қаласында өтетін чемпионатқа Жапония, Қытай, Корея және Қазақстан құрамалары қатысады.

Қазақ қыздары үшін бұл турнир тек жарыс емес — соңғы жылдардағы жетістіктердің кездейсоқ емес екенін дәлелдеу мүмкіндігі. Еске салсақ, 2023 жылы Қытайда өткен тұңғыш әйелдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы Кореяны буллит сериясында жеңіп, қола медаль иеленген болатын. Кейін Азиадада да табысқа жетіп, Қытай мен Кореяны жеңіп, күміс жүлде алған. Ал алтын жапондық хоккейшілерге бұйырған еді — олар 2026 жылғы Олимпиадаға қатысатын үздік Азия командасы саналады.

Өскемендегі турнирде осы төрт мықты құрам қайта кездеседі. Бұл нағыз шеберлік пен төзімділік сынға түсер дода болмақ. Қазіргі әлемдік рейтингте Жапония — 7-орында, Қытай — 12-орында, Корея — 18-орында, ал Қазақстан — 22-орында.

Қазақстандық жанкүйерлер үшін бұл — 9 жылдан кейін алғаш рет әйелдер құрамасын өз аренасында қолдау мүмкіндігі. Соңғы рет мұндай мүмкіндік 2016 жылы Астанада болған еді, ол кезде біздің команда Олимпиада алдындағы іріктеу кезеңінде жеңіске жеткен.