Қазақстандықтар дәрігер қателіктерінен зардап шегуде: Көш басында – Астана

0

 Биылғы жылдың қаңтар–қыркүйек айлары аралығында Қазақстанда медициналық сипаттағы қылмыстық құқықбұзушылықтардың құрбаны болғандар саны 176 адамды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,6%-ға көп, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Energyprom.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл сандардың артында нақты адамдардың тағдыры жатыр. Зардап шеккендердің басым бөлігі – әйелдер (59,7%). Олардың ішінде 29-ы кәмелетке толмаған, 10-ы зейнеткер, 1 адам – мүгедектігі бар, 1 – сотталған азамат.

Ерекше алаңдататыны – балалардың да зардап шегуі. Олардың 22-сі 11 жасқа дейінгі, ал тағы 7-еуі 12–17 жас аралығындағы жеткіншектер. Ең жиі жапа шеккендер қатарында – 30 бен 49 жас аралығындағы азаматтар (74 жағдай).

Ел бойынша тоғыз айда барлығы 166 медициналық сипаттағы қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,8%-ға көп.

Олардың басым бөлігі (87,3%) медицина немесе фармацевтика қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауына байланысты болған – 145 жағдай. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,6%-ға артық.

Сонымен қатар, 16 құқықбұзушылық заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызметке қатысты. Оның ішінде рецепттерді қолдан жасау, есірткі препараттарын заңсыз беру, науқасқа көмек көрсетпеу (3 жағдай), сондай-ақ заңсыз аборт жасау мен жалған медициналық бұйымдарды қолдану фактілері бар.

Тіркелген құқықбұзушылықтар саны бойынша Астана көш бастап тұр – мұнда 26 жағдай анықталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен екі есе көп. Сондай-ақ Түркістан облысы (19 жағдай) мен Ақмола облысы (13 жағдай) да «антилидерлер» қатарында.

Ең «тыныш» өңірлер — Шымкент, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Жетісу облыстары. Олардың әрқайсысында бар болғаны 2 жағдайдан тіркелген.