The Dala Times ақпараттық сайты
АқпаратБасты жаңалықДенсаулық

Қазақстандықтар дәрігер қателіктерінен зардап шегуде: Көш басында – Астана

 Биылғы жылдың қаңтар–қыркүйек айлары аралығында Қазақстанда медициналық сипаттағы қылмыстық құқықбұзушылықтардың құрбаны болғандар саны 176 адамды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,6%-ға көп, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Energyprom.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл сандардың артында нақты адамдардың тағдыры жатыр. Зардап шеккендердің басым бөлігі – әйелдер (59,7%). Олардың ішінде 29-ы кәмелетке толмаған, 10-ы зейнеткер, 1 адам – мүгедектігі бар, 1 – сотталған азамат.

Ерекше алаңдататыны – балалардың да зардап шегуі. Олардың 22-сі 11 жасқа дейінгі, ал тағы 7-еуі 12–17 жас аралығындағы жеткіншектер. Ең жиі жапа шеккендер қатарында – 30 бен 49 жас аралығындағы азаматтар (74 жағдай).

Ел бойынша тоғыз айда барлығы 166 медициналық сипаттағы қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,8%-ға көп.

Олардың басым бөлігі (87,3%) медицина немесе фармацевтика қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауына байланысты болған – 145 жағдай. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,6%-ға артық.

Сонымен қатар, 16 құқықбұзушылық заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызметке қатысты. Оның ішінде рецепттерді қолдан жасау, есірткі препараттарын заңсыз беру, науқасқа көмек көрсетпеу (3 жағдай), сондай-ақ заңсыз аборт жасау мен жалған медициналық бұйымдарды қолдану фактілері бар.

Тіркелген құқықбұзушылықтар саны бойынша Астана көш бастап тұр – мұнда 26 жағдай анықталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен екі есе көп. Сондай-ақ Түркістан облысы (19 жағдай) мен Ақмола облысы (13 жағдай) да «антилидерлер» қатарында.

Ең «тыныш» өңірлер — Шымкент, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Жетісу облыстары. Олардың әрқайсысында бар болғаны 2 жағдайдан тіркелген.

Ұқсас жаңалықтар

Созақ аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Шолаққорған ауылында

admin

Шымкентте асыл тұқымды мал басын көбейтіп отырған қожалық егесі өз жоспарларымен бөлісті

admin

Түркістанда ТЖМ министрі кубогына арналған қоян-қолтық ұрыстан республикалық турнир өтті

admin