Қазіргі таңда автонесие алған дұрыс па – сарапшы пікірі

Жаңа жылдан кейін елдегі автосалондарда көлік бағасы қымбаттай ма? Қандай жағдайда автонесие алған тиімді? Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі экономист Айбар Олжайдан сұрап білді.
Оның айтуынша, қазір инфляциялық көрсеткішті ескере отырып, көлікті несиеге алудың бір тиімді тұсы бар.
Егер қазір азаматтар мемлекеттен субсидияланған жеңілдетілген автонесиені қолданса және оның тиімді жылдық сыйақысы инфляциядан төмен болса, автонесие алған тиімді. Бұл қалтаға қатты салмақ салмайды, – деді Айбар Олжай.
Экономист екінші деңгейлі банктер ұсынатын автонесие пайызының азаматтардың қалтасына ауыр түсетінін айтты.
Субсидияланбаған пайыз болса өте қымбат. Қазір ол 20%-дан асады. Мұндай жағдайда көлік сатып алуға кеңес бермеймін. Оның өзінің амортизациялық арзандауы бар көліктің. Оның үстіне кемінде екі, үш есе қосып төлейсіз. Егер мәселен, 20% автонесиемен үш жылға көлік алатын болсаңыз екі есе төлейсіз, ал он жылға алатын болсаңыз төрт есе төлейсіз, – деді ол.
Оның сөзінше, автокөлік бағасы жаңа жылдан кейін екі факторға қатысты өзгеруі мүмкін.
Біріншісі, егер теңгеге қатысты доллар бағамы көтеріліп кетсе және жеңілдетілген режимнің уақыты бітсе авто бағасы қымбаттауы мүмкін. Мысалы, Қытайдан келетін электрокөліктердің жеңілдетілген режимі бітті, енді олар толыққанды салық төлеп кіретін болады, – деді ол.
4% мөлшерлемемен жеңілдетілген аствонесие қалай алуға болады?
Желіде қазақстандық азамат Қазақстан Даму банкі іске асырып отырған жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша автокөлік сатып алу тәжірибесімен бөлісті.
Оның айтуынша, ол бұл мемлекеттік бағдарлама туралы бұрыннан білгенімен, нақты нәтиже көрмеген, сондықтан бастапқыда оның тек қағаз жүзінде бар деп ойлаған.
Бірақ менің қолымнан келді! Бұл процесті түсіну үшін бір жыл бойы барып, аз-аздан ақпарат жинауға тура келді. Себебі ешкім толық түсіндіріп бермейді, — дейді ол.
Бағдарлама шарты бойынша:
• автокөлік Қазақстанда құрастырылған болуы керек;
• оның бағасы 15 млн теңгеден аспауы тиіс;
• алғашқы жарна – көліктің құнының кемінде 20%;
• несие сомасы – 10 млн теңгеге дейін;
• мерзімі – 7 жылға дейін;
• мөлшерлеме – жылдық 4%.
Автор несиені Halyk Bank арқылы рәсімдеген. Алдымен автосалоннан көлік таңдап, өз атына төлем шотын алған. Содан кейін банк бөлімшесіне барып, жеңілдетілген автонесиеге алдын ала өтінім берген.
Ресми табыс пен аударымдары бар азаматтарға банк 10 күнге жарамды алдын ала мақұлдау береді. Егер транш түспесе, өтінімді жаңартып отыру қажет.
Бағдарлама бойынша қаражат траншпен бөлінеді. Қашан және қанша бөлінетіні алдын ала белгісіз. Сол себепті өтінімді үнемі жаңартып отыру керек. Менің жағдайымда бұл процесс 9 айға созылды. Әр 10 күн сайын банкке барып, өтінімді жаңартып отырдым. Байқауымша, транш шамамен әр 3-4 ай сайын бөлінеді, – деп түсіндірді ол.
Оның айтуынша, өтінімдер көп болғандықтан, барлық адамға бір транш жетпейді, кейде банк SMS не қоңырау арқылы қаражат түскенін хабарлайды. Мұндай жағдайда тез арада банкке барып, негізгі өтінімді рәсімдеу керек.
Егер клиент некеде болса, жұбайының келісімін алу міндетті.
Маңызды сәт: көлікті толық рәсімдеуді бір айдың ішінде аяқтау қажет, әйтпесе несие жойылып, қайтадан өтінім беру керек болады. Сондай-ақ КАСКО сақтандыруын жасау міндетті. Кеңесім – сақтандыруды бірден барлық жылға емес, жыл сайын бөліп жасауға болады. Қазір бұрынғыдай көлік тапшылығы жоқ, – деді ол.








