«НИШ-қа түсіремін»: Мұғалім ата-аналардан миллиондап ақша алып, ойынға тіккен

Ақтөбеде математика пәнінің мұғалімі оқушыларының ата-аналарын алдап, ірі көлемде ақша алғаны үшін сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Белгілі болғандай, педагог жеке оқу орталығында жұмыс істеген. Ол орта буын оқушыларын Назарбаев зияткерлік мектептеріне (НИШ) және дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» мамандандырылған мектеп-интернатына түсуге дайындаған.
Бір күні оның төрт оқушысының ата-анасы мұғалімнен ерекше ұсыныс алған. Педагог «осындай зерек балаларды» басқа мектепке ауыстыру қажет екенін айтып, мысал ретінде Назарбаев зияткерлік мектебін атаған.
Мұғалім бұл үшін қомақты қаражат сұраған. Баласының болашағын ойлаған ата-аналар қажетті соманы беруге келіскен.
Алайда көп ұзамай ата-аналар мұғалімнің оларды алдағанын түсінген.
Сот барысында педагог тағылған айыпты жоққа шығармай, кінәсін толық мойындап, жәбірленушілерден кешірім сұраған. Сондай-ақ сотта оның құмар ойындарға тәуелді (лудомания) екені анықталды. Мұғалім ата-аналардан алған ақшаны онлайн-букмекерлік ставкаларға жұмсаған, — деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Ата-аналардың екеуі мұғаліммен татуласқан. Педагог оларға 3,3 миллион теңгені қайтарып беріп, кешірім сұрағаннан кейін, бұл эпизодтар бойынша іс тоқтатылған.
Ал тағы екі ата-ана мұғалімге 3,2 миллион теңге берген. Олар соттан айыпталушыға бас бостандығынан айыру жазасын қолданбауды сұраған. Бұл қаржыны да сотталушы толық қайтарған.
Нәтижесінде Ақтөбе қаласының №2 соты 40 жастағы педагогті алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оны 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті.
Еске сала кетейік, Түркістан облысындағы Арыс ауданының прокуратурасы агроөнеркәсіп саласында жүргізген тексеру нәтижесімен бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру фактісін анықтады. Жалған дерек арқылы субсидия алған кооператив төрайымы 20 млн теңге үшін сотталды.








