Нұрлан Сабуров ұсталды ма? – ҰҚК ресми жауап берді

Әлеуметтік желілерде Нұрлан Сабуровтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. ҰҚК бұл мәліметті растаған жоқ. Комикке қатысты видеоға фактчекерлер тексеру жүргізіп, материалдың түпнұсқалығын бағалады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Белгілі болғандай, әлеуметтік желілерде бүгін белгілі стендап-комик Нұрлан Сабуровты Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұстады деген ақпарат тарады. Онда Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынғаннан кейін Сабуров Қазақстанға оралғаны айтылған.
Кейбір қазақстандық белсенділер Сабуровты жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр. Бұған әлеуметтік желіде тараған видео себеп болған. Онда Нұрлан Сабуров Ресей жағында Украинаға қарсы соғысқа қатысып жатқан «Легион Вагнера Истра» құрамына 10 Enduro мотоциклін тапсырғанын айтады.
Бейнероликтің түпнұсқалығы қазақстандықтар арасында күмән туғызған. Көпшілік оны жасанды интеллект көмегімен жасалған фейк деп болжаған. Алайда қазақстандық фактчекерлер видеоны тексеріп, оның шынайы деген қорытындыға келген.
Factcheck.kz редакциясының мәлімдеуінше, бейнеде жасанды интеллект белгілері анықталмаған.
Біз видеодан ЖИ белгілерін таппадық. Бастапқы дереккөздегі ролик сапасы жоғары, текстуралар анық әрі табиғи, Сабуровтың ерін қимылдары айтылған мәтінмен толық сәйкес келеді. Hive және SightEngine секілді ЖИ іздерін анықтайтын автоматтандырылған сервистер тексерілген материалдың жоғары ықтималдықпен түпнұсқа екенін көрсетті. Дегенмен мұндай сервистер ықтималдық бағасын ғана береді және қосымша құрал ретінде қарастырылады. Жалпы, роликтің былтыр шілде айында, қазіргі дауға дейін жарияланғанын ескерсек, оны әдейі генерациялаудың қисыны күмән тудырады, – делінген редакция хабарламасында.
11 ақпанда Мәжілісте өткен брифингте Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев бұқаралық ақпарат құралдарында тараған мәліметтер тексеруді қажет ететінін айтты.
«170-бап» туралы айтылып жатыр. Бұл – көбіне Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзыретіне жататын мәселе. Яғни «жалдамалылық», – деді ол.
Кеше ҰҚК BAQ.KZ редакциясының сауалына жауап беріп, «Ақпарат назарға алынды, тексеру шаралары жүргізілуде» деп хабарлады.
Алайда Нұрлан Сабуровтың ұсталғаны туралы ақпарат расталмады.
Бұдан бөлек, Сабуров бұған дейін Ресейде көші-қон режимін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған. 2025 жылдың мамыр айында ол елде рұқсат етілген мерзімнен артық болғаны үшін айыппұл төлеген. Кейінірек Ресейде әртістің шамамен 1 млрд теңге көлеміндегі жылжымайтын мүлкі қалғаны хабарланды. Журналист Ксения Собчак депортацияның экономикалық немесе саяси себептері болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Ал бұған дейін әзілкештің Ресейдегі концерттері жаппай тоқтатылған еді.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қазақстандық комик Нұрлан Сабуровтың айналасындағы жағдайға қатысты пікір білдірді.
Бұған дейін Нұрлан Сабуровқа 12 жыл түрме қаупі бар ма деген сұраққа заңгер жауап берген еді.
Сондай-ақ, Украинада Нұрлан Сабуровқа қатысты қылмыстық іс қозғалды.








