Референдумды 38 елдің байқаушылары бақылайды

2026 жылғы 12 наурызда Орталық референдум комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров Шанхай ынтымақтастығы ұйымы байқаушылар миссиясының басшысы — ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Олег Копылов және Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) миссиясының басшысы — ТМҰ Бас хатшысының орынбасары Омер Коджаманмен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу барысында ОРК Төрағасы Нұрлан Әбдіров 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумға дайындық және өткізу бойынша егжей-тегжейлі ақпараттарға тоқталды.
Ол өз сөзінде референдум комиссияларының қызметі, учаскелердің материалдық-техникалық жабдықталуы, азаматтардың референдумға қатысу құқығын іске асыру үшін жасалған жағдайлар, сондай-ақ ақпараттандыру жұмыстары туралы айтып өтті.
Республикалық референдумды байқау үшін 38 мемлекет пен 11 халықаралық ұйымнан 359 байқаушы қатысады. Халықаралық байқаушылардың қатысуы референдумды өткізудің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ дауыс беру үдерісінің ұлттық заңнамаға сәйкес ұйымдастырылып жатқанын халықаралық қауымдастықтың көруіне мүмкіндік береді, — деп атап өтті ОРК Төрағасы.
Кездесу барысында тараптар референдумды байқауды ұйымдастырудың жекелеген мәселелері, халықаралық байқаушылардың жұмысына жасалатын жағдайлар және өзара іс-қимыл тетіктері туралы пікір алмасты.
Өз кезегінде халықаралық миссиялардың басшылары референдумды халықаралық байқау бойынша жұмыс жоспарларымен бөлісті.








