Шетелдік компанияның заңсыз жер иелігі: 72 гектар мемлекет меншігіне қайтарылды

0

Алматы прокуратурасы шетелдік компанияның заңсыз пайдаланған 72 гектар ауыл шаруашылығы жерін мемлекет меншігіне қайтаруға қол жеткізді. Сот шешімімен құны 5,9 млрд теңге болатын учаскелер қаланың элиталық бөлігінде заңға сәйкес мемлекетке өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алматы қаласының прокуратурасы құрылтайшысы шетелдік компания болып табылатын заңды тұлғаның заңсыз иелігіндегі 72 гектар ауыл шаруашылығы жерін мемлекет меншігіне қайтару шараларын жүзеге асырды.

Тексеріс барысында қаланың элиталық бөлігінде орналасқан учаскелердің Жер кодексінің талаптарын бұзып пайдаланылғаны анықталды. Қазақстан заңнамасына сәйкес, шетелдік субъектілер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге иелік ете алмайды.

16 шілде 2025 жылы прокуратураның талап-арызы бойынша қаланың мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты жерді мемлекетке қайтару туралы шешім шығарды. Ал 2 қазан 2025 жылы апелляциялық сатыдағы сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды. Осылайша, құны 5,9 млрд теңге болатын жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды. Жер ресурстарын заңсыз пайдалану фактілерін анықтау және жолын кесу жұмыстары жүйелі және бірізді жүргізілуде, — деп жазылған Алматы прокуратурасы хабарламасында.

Еске салайық, бұған дейін халық ақшасын жымқырды деген күдікпен депутат ұсталды.