The Dala Times ақпараттық сайты
АқпаратБасты жаңалықҚоғамСаясат

Төлебиде өндіріс пен агроөнеркәсіп қарқын алды: «Азия Милк» фермасы жылына 1400 тоннаға жуық сүт өндіреді

Түркістан облысының Төлеби ауданында өңірдің өндірістік және инвестициялық әлеуетін таныстыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды. Іс-шара барысында журналистер аудан экономикасының түрлі салаларында жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобаларды аралап, өндіріс орындарының жұмысымен, жаңа кәсіпорындардың мүмкіндіктерімен және инфрақұрылымдық нысандардың құрылыс барысымен танысты. Пресс-турдың негізгі мақсаты – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жан-жақты көрсету, кәсіпкерлікті қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстыру және инвестициялық жобалардың тиімділігін көпшілікке жеткізу болды.

Баспасөз туры алдымен Сұлтанрабат ауылындағы «AiK.kz» кәсіпорнынан басталды. Биыл іске қосылған өндіріс орны жұмыртқа салуға арналған қағаз науаларын шығарады. Кәсіпорын сағатына екі мың дана өнім өндіруге қауқарлы. Жалпы құны 250 миллион теңгені құрайтын жоба өңірде импортты алмастыруға бағытталған өндірістердің бірі саналады. Қазіргі таңда мұнда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс орны алдағы уақытта өнім көлемін ұлғайтып, ішкі нарықпен қатар көршілес өңірлерге де өнім жеткізуді жоспарлап отыр.

Бұдан кейін БАҚ өкілдері Киелітас ауылдық округіне қарасты Достық ауылында орналасқан «Fish House» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. 2025 жылы пайдалануға берілген кәсіпорын бүгінде жылына 300 тоннаға дейін балық өндіреді. Мұнда форель, сазан және ақ амур өсіріледі. Заманауи акваөсіру технологияларын енгізген кәсіпорын өңірдегі балық шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Айта кетерлігі, «Fish House» өткен жылы Қазақстандағы «Ең үздік балық өндірушісі» атанып, саладағы үздік кәсіпорындардың қатарынан көрінді. Қазіргі таңда мұнда да 20 адам тұрақты еңбек етеді.

Пресс-тур аясында журналистер Ленгір қаласында орналасқан «Dana» тігін цехында болды. Жеке кәсіпкер Дана Жұмабаеваның бастамасымен құрылған өндіріс орны арнайы жұмыс киімдерін тігумен айналысады. Мұнда жыл сайын 150 мың дана жаздық және 90 мың дана қыстық арнайы киім шығарылады. Кәсіпорын еліміздің барлық өңірлерімен тұрақты әріптестік орнатып қана қоймай, дайын өнімдерін Ресей Федерациясына да экспорттап келеді. Бұл өндіріс жергілікті кәсіпкерліктің экспорттық әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Журналистер Зертас ауылында салынып жатқан жаңа спорт кешенінің құрылысымен де танысты. Облыстық бюджет қаржысы есебінен жүзеге асырылып жатқан жоба 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Заманауи талаптарға сай бой көтеретін кешенде баскетбол, волейбол, күрес залдары, жаттығу бөлмелері мен 45 орындық шағын спорт залы қарастырылған. Мамандардың айтуынша, жаңа нысан ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына және бұқаралық спортты дамытуға тың серпін береді.

Пресс-турдың басты нысандарының бірі – «Азия Милк» шаруа қожалығы болды. Құны 1 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жоба бүгінде Төлеби ауданындағы ең ірі сүт-тауар фермаларының біріне айналып келеді. Мұнда жыл сайын шамамен 1300–1400 тоннаға жуық жоғары сапалы сүт өндіріледі. Кәсіпорын 40-тан астам тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Ферманың алғашқы кезеңі 2025 жылдың соңында пайдалануға беріліп, онда 564 бас асыл тұқымды ірі қара орналастырылған болатын. Ал биылғы жылы іске қосылған екінші кезеңнің нәтижесінде мал басы 636-ға дейін ұлғайды. Заманауи автоматтандырылған сауу жүйелері, сапалы жем-шөп базасы мен ветеринариялық бақылау өндірістің тиімділігін арттырып, өнім сапасын халықаралық талаптарға жақындатуға мүмкіндік беріп отыр. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта өндіріс көлемін одан әрі көбейтіп, өңделген сүт өнімдерін шығару бағытында жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.

Іссапар соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері аудан орталығында салынып жатқан «Төлеби баба» музейінің құрылысымен танысты. Жалпы құны 372,2 миллион теңгені құрайтын мәдени нысанды биылғы шілде айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Болашақ музейде Төлеби ауданының тарихы, өңірдің мәдени мұрасы мен тарихи тұлғалары туралы құнды жәдігерлер қойылады.

Жалпы, Төлеби ауданында ұйымдастырылған баспасөз туры өңірдің өндірістік, аграрлық және туристік әлеуетінің жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетті. Жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, аудан экономикасының тұрақты дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына және Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығының күшеюіне ықпал етуде.

Ұқсас жаңалықтар

ШЫМКЕНТ: Зообақ жануарларын жаңа вольерлерге көшіру жұмыстары жалғасуда

admin

6 миллиард теңге: Халықаралық іздеудегі Түркия азаматы Қазақстанға жеткізілді

admin

Мақтааралдықтар бір түннің ішінде қостанайлықтар үшін 23 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинады

admin