Трамптың болжамы мен Тегеранның жауабы: Соғыс қайда барады?

АҚШ президенті Дональд Трамп G7 елдері көшбасшыларымен өткен виртуалды кездесуде Иран «жақын арада берілуі мүмкін» екенін айтқан. Бұл туралы кездесудің мазмұнымен таныс болған G7 елдерінің үш шенеунігі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі  Axios цифрлық медиасына сілтеме жасап.

Алайда арада 24 сағат өтпей жатып, Иранның жаңа рухани жетекшісі алғашқы мәлімдемесін жасап, елдің соғысты жалғастыратынын жария етті.

Бұл жағдай Трамптың соғыстың нәтижесіне қатысты оптимистік бағасы мен жердегі нақты ахуал арасындағы айырмашылықты көрсетіп отыр. Иран билігі әзірге берілуге немесе режимнің күйреуіне дайын екенін байқатқан жоқ. Керісінше, соғыстың 14-күні Тегеран өз ықпалын күшейту үшін Ормуз бұғазын жабу қаупін пайдаланып отыр.

Сәрсенбі күні өткен G7 кездесуінде Трамп Epic Fury операциясының нәтижелерін мақтан тұтып, одақтастарына:

Бәрімізге қауіп төндірген қатерлі ісікті жойдым, – деп айтқан.

Сонымен бірге ол Иран берілуі мүмкін екенін айтқанымен, Тегеранда мұндай шешім қабылдай алатын басшылардың тірі қалған-қалмағаны белгісіз екенін де меңзеген.

Қазір нақты көшбасшы кім екенін ешкім білмейді. Сондықтан берілетінін жариялайтын адам да жоқ, – деді Трамп, кездесуге қатысқан шенеуніктердің айтуынша.

Трамп Иранның жаңа рухани жетекшісі Моджтаба Хаменейді де бірнеше рет сынға алып, оны «әлсіз тұлға» деп атаған. Бұған дейін Axios басылымына берген сұхбатында ол аятолла Әли Хаменеидің ұлы АҚШ үшін «қабылданбайтын кандидат» екенін айтқан.

Иранның жауабы

Бейсенбі күні мемлекеттік телеарна арқылы оқылған мәлімдемеде Моджтаба Хаменеи Иран «шейіттерінің» кегін алуға уәде беріп, соғысты жаңа бағыттарда жалғастыруға дайын екенін айтты.

Оның сөзінше, Иран қарсылас үшін тәжірибесі аз әрі әлсіз бағыттарда жаңа майдандар ашуы мүмкін.

Хаменеи сондай-ақ Ормуз бұғазына қауіп төндіруді жалғастыратынын мәлімдеді. Бұл аймақта танкерлерге жасалған шабуылдар мұнай бағасын барреліне 100 доллардан жоғары көтеріп, әлемдік экономикалық дағдарыс қаупін күшейтті.

G7 көшбасшыларының алаңдаушылығы

G7 көшбасшылары арасындағы әңгіме соғыстың экономикалық салдарына байланысты алаңдаушылық күшейген тұста өтті.

Кездесуге қатысқан шенеуніктердің айтуынша, басқа елдердің басшылары Трампты соғысты тезірек аяқтауға шақырып, Ормуз бұғазындағы жағдайды тұрақтандыру қажет екенін атап өткен.

Трамп өз кезегінде бұғаздағы жағдай жақсарып келе жатқанын айтып, коммерциялық кемелер қайтадан осы бағытта қозғала бастайды деген пікір білдірген.

Алайда сол түні Ирак жағалауында кем дегенде екі мұнай танкері өртке оранғаны хабарланды.

Соғыстың нақты мақсаты белгісіз

Кездесуге қатысқан дереккөздердің айтуынша, Трамп соғысты аяқтау мерзімі мен мақсатына қатысты нақты жоспар айтпаған. Кейбір қатысушылар оның соғысты тоқтатқысы келетінін байқаса, енді біреулері керісінше пікірде қалған.

Трамптың өзі негізгі мәселе уақытқа байланысты екенін айтып, нақты мерзім белгілемеген.

Біз бұл істі соңына дейін жеткізуіміз керек. Әйтпесе бес жылдан кейін тағы соғыс болуы мүмкін, – деген ол.

Трамптың Стармермен шиеленісі

Кездесуге қатысқан шенеуніктердің айтуынша, Трамп Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармерді де сынға алған.

Бастапқыда Стармер АҚШ-қа Иранға соққы жасау үшін британдық әскери базаларды пайдалануға рұқсат бермеген. Кейін Иран Парсы шығанағындағы елдерге шабуыл жасаған соң, Лондон бұл базаларды «қорғаныс мақсатында» пайдалануға келісім берген.

Алайда Трамп G7 көшбасшыларының алдында:

Мұны соғыс басталғанға дейін айтуың керек еді. Қазір кеш, – деп жауап берген.

Еске салсақ, Иран қандай жағдайда кек қайтаруды тоқтататынын мәлімдеді.