Түркістан облысында 2 мыңнан астам оқушы «Алтын белгіге» үміткер

0

Түркістан облысында биылғы оқу жылында жалпы 278 46 оқушы мектеп бітіреді. Оның 2 084-і «Алтын белгіге», 1 329-ы үздік аттестатқа үміткер. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Мәдіханқызы мәлімдеді.
Оның айтуынша, карантиндік режимге байланысты биыл қорытынды аттестаттау жұмыстары санитариялық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтай отырып жүргізіледі.

«Өңірімізде 9-10 сынып оқушылары 28 мамыр, 2 және 5 маусым күндері білім сынағын жазбаша түрде тапсырады. Ал, 11-12 сынып оқушылары 1, 4, 7, 10 маусым күндері сынақтан өтеді. Ал, «Алтын белгіге» үміткерлердің емтихан жұмыстарын басқарма тарапынан құрылған комиссия қарайтын болады. Бұл жұмыстарға 312 білікті мұғалім қатысады деп жоспарланып отыр», – деді Ардақ Мәдіханқызы.

Сондай-ақ, брифингте облыс көлемінде 2021 жылдың 26 мамыр мен 19 маусым аралығында жазғы мектептер жұмыс істейтіні мәлім болды. Онда оқу материалын меңгеруде қиындықтары бар, оқу үлгерімі төмен оқушыларға қосымша сабақтар өткізілетін болады.


ПІКІР ЖАЗУ