Түркістан: Бәйдібектің өндірістік әлеуетін көтеру жұмыстары жанданады
Бәйдібек ауданындағы пайдалы қазбаларды зерттеп, анықтап, соған сай жаңа өндіріс орындарын ашу керек. Бұл ретте, ауданның әлеуеті жоғары. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, өндірісті дамыту маңызды. Бүгін Түркістан облсының әкімі Дархан Сатыбалдының Бәйдібек тұрғындарымен кездесуінде осындай ойлар, ұсыныстар айтылды. Тұрғындар тарапынан мәселелер көтеріліп, тиісті жауаптар берілді.
– Біз мемлекеттік бюджет есебінен инфрақұрылымды жақсартамыз. Бірақ әр ауданның өзіндік табысы, кірісі молаюы керек. Ол үшін өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту аса маңызды. Ауданның әлеуеті өте жоғары. Ізденіс, талпыныс, ниет қажет. Мемлекет басшысы өндірісті дамыту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, су үнемдеу технологияларын енгізуді тапсырды. Осыған орай өңірімізде су үнемдеу технологияларын шығаратын зауыттар ашылып жатыр. Бұл жұмыстар Бәйдібекте де жандануы тиіс. Аудан инфрақұрылымын жақсарту мақсатында былтыр «Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы 1,7 млрд теңге бөлініп, 10 елді мекенде 24 жоба іске асты. Жолдар жөнделіп, әлеуметтік нысандар салынды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 1,3 млрд. теңгеге 199 жоба қаржыландырылды. Бұл жұмыстар жалғасады, – деген Дархан Сатыбалды аудан әкімі мен басқарма басшыларына барлық бағытта индикаторларды орындау бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды. Кейбір салалардағы кемшіліктерге тоқталып, тиісті шешім қабылдауды міндеттеді.
Аудан әкімі Ерлан Нұрмахановтың есебі тыңдалды. Жалпы өңірлік өнім көлемі соңғы 3 жылда 29 пайызға өсіп, былтыр 61 млрд теңгені құрады. Биыл 5 айда 15 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, былтырғы есепті кезеңмен салыстырғанда 14,7 пайызға өскен. Биыл 5 айда өзіндік кірістер 1.2 млрд. теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 49 пайызға артқан. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 2022 жылы 21 млрд. теңге болса, былтыр 27 млрд. теңгені құраған. 2024-2025 жылдары шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жалпы құны 24,9 млрд. теңгені құрайтын 12 жобаны іске асыру арқылы 254 жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Ауданда түсті металл мен құрылыс материалдарының қоры анықталған. Осыларды игеру үшін тиісті ұсыныстар берілуде.
Кездесуде тұрғындар инфрақұрылым, спорт кешенін салу, электр қуатының сапасы және өзге де мәселелер бойынша өтініштерін айтты. Жеке қабылдауда да өзекті түйткілдер тарқатылып, барлық өтініш пен ұсыныс бақылауға алынды. Тиісті жұмыстар жүргізіледі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі