Кентау: қала әкімі Хантағы ауыл тұрғындарымен кездесті
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов тұрғындармен кездесуін Хантағы ауылында жалғастырды. Ауылға жасаған жұмыс сапары барысында алдымен ауылдан Қаратау қорығына қарай 2,7 шақырым жерге жүргізілген жаңа бағаналарды бақылады. «Оңтүстік Жарық» ЖШС тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады. Инвест жобасы аясында бұдан бөлек 5 шақырымнан аса жердің бағаналары жаңартылады. Сондай-ақ жаңа екі трансформатор орналастырылмақ.
Аралау барысында қала әкімі ЖК Жанегизов.М шаруақожалығына барды. Онда кәсіп иесі жылқы бордақылаумен айналысады. Өткен жылы мемлекеттен несие алып, 12 бас жылқы алған. Бүгінде жылқының саны 50-ге көбейіп отыр. Өз кәсібін одан әрі дамытып, жұмыс күшін көбейткісі келетін кәсіпкер қаладан етті тікелей сатуға арналған орын салуға қолдау көрсетуді сұрады. Қала әкімі кәсібін дамытып, жұмыс көзін көбейтемін дейтін кәсіпкерлерге мемлекеттен қолдан келгенше қолдау болатынын атап өтті.
Ауыл тұрғындарымен кездесу барысында бірқатар мәселелер көтерілді. Ағын су, ауылды газға қосу, Жылу орталығының қысқы маусымға дайындық барысы секілді сауалдар жолданды. Қала басшысы барлық ұсыныс-өтініштерін тыңдап, заң шеңберінде жауап берді. Біршама жұмыстың жүзеге асырылуы қаржының бөлінуіне байланысты іске асырылатынын түсіндірді. Ауыл тұрғындары қажетті сауалдарына көңілге қонымды жауаптарын алып, әлі де бірқатар істер жүзеге асатынына сенім білдірді. Ауыл қариялары елдің амандығы мен тыныштығын тілеп ақбаталарын берді.
Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі