Албанияда гендерлік теңдік жөніндегі конференция өтті

0

2024 жылғы 24 қыркүйекте Қазақстан делегациясы Пекин декларациясы мен Іс-қимыл платформасының 30 жылдығына арналған гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі халықаралық конференцияға қатысты.

Іс-шара Албанияның астанасы Тирана қаласында өтті, оған Еуропа мен Орталық Азияның 20 елінен өкілдер қатысты. Қазақстан делегациясын ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Жұлдызай Искакова, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің гендерлік саясатты үйлестіру басқармасының басшысы Ақмарал Бозшаева және «БҰҰ-әйелдер» Қазақстандағы кеңсесінің басшысы міндетін атқарушы Дина Амришева таныстырды.

Конференцияны «БҰҰ-әйелдер» Еуропа және Орталық Азия аймақтық кеңсесі Албания Үкіметінің қолдауымен ұйымдастырды. Конференцияның басты тақырыбы — гендерлік теңдікті ілгерілетудің институционалдық механизмдерін нығайту, халықаралық серіктестікті күшейту және тиімді тәжірибе алмасу.

Жұлдызай Искакова өз баяндамасында Қазақстандағы әйелдердің құқықтарын кеңейту бағытындағы бастамаларды таныстырып, Ұлттық комиссияның жұмысы, халықаралық ұйымдармен әріптестік орнату және гендерлік теңдік саласындағы жетістіктерді мониторингтеу жайында жан-жақты мәлімет берді. Ол гендерлік статистиканың маңыздылығын және оның гендерлік теңдікке қол жеткізудегі рөлін ерекше атап өтті.

Өз сөзінде Жұлдызай Искакова Қазақстан Республикасы Президентінің 2029 жылға қарай елдің жалпы ішкі өнімін екі еселеу жөніндегі стратегиялық мақсаттарын атап өтіп, бұл міндетке қол жеткізуде әйелдердің экономикаға белсенді қатысуы мен олардың саяси белсенділігін арттырудың маңызды рөл атқаратынын айтты. Оның айтуынша, Қазақстанда әйелдердің қоғамдағы орны мен рөлін күшейту үшін қажетті заңнамалық және институционалдық база жасалған, және оны одан әрі жетілдіру жолдары да қарастырылуда.

Сонымен қатар, Жұлдызай Искакова өңірдегі елдерді Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізу және Пекин декларациясының қағидаларын жүзеге асыру үшін деректерді жинау және талдау бойынша тәжірибе алмасу аясында ынтымақтастықты нығайтуға шақырды. Ол бірлескен күш-жігердің бұл бағытта айтарлықтай жетістіктерге әкелетінін атап өтті.

Конференция барысында Дина Амришева «Көпжақты және салааралық серіктестік байланыстарды құру және олардың тұрақтылығын қамтамасыз ету» тақырыбында сессияны модерациялады. Сессия барысында гендерлік теңдікке қол жеткізу мақсатында әртүрлі секторлар арасындағы ынтымақтастықты күшейтудің нақты механизмдері талқыланды.

Конференцияның қорытындысы бойынша Қазақстан делегациясына Пекин декларациясы мен Іс-қимыл платформасының аясындағы міндеттемелерді орындаудағы жетістіктері үшін Алғыс белгісі табысталды.

1995 жылы Бейжіңде өткен Әйелдердің жағдайы жөніндегі төртінші дүниежүзілік конференцияда қабылданған Пекин декларациясы мен Іс-қимыл платформасы әйелдер құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтудегі маңызды халықаралық құжат болып табылады және гендерлік теңдікке қол жеткізу бағытындағы негізгі бағдарды айқындайды.


ПІКІР ЖАЗУ