«ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ»: Отырар өнерпаздары Түркістан төрінде концерт өткізді

0

Түркістан қаласында отырарлық өнерпаздар өнер көрсетті. «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында «Керуен сарай» туристік кешенінде өткен гала-концертке ауданнан шыққан танымал тұлғалардың туындылары мен күмбірлеген күй, мың бұралған би де көрініс тапты.

Мерекелік жиында аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов сөз алып, қасиетті қала тұрғындары мен қонақтарын құттықтады.

– Ежелден «Ұлылардың Отаны» саналған киелі Отырар өңірі өзінің көптеген талантты, дарынды перзенттерімен мақтана алады. Кешегі ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби мен рух сардары Өзбекәлі Жәнібеков, тіл жанашыры Өмірзақ Айтбайұлы, Әлем ақыны Мұхтар Шаханов, ән падишасы Шәмші Қалдаяқов, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасов, айтыстың ақберені Тәушен Әбуова, халық ақыны Әселхан Қалыбекова секілді тұлғалар сөзіміздің дәлелі болары анық. Бүгінде ұлы тұлғаларымыздың ізін басып келе жатқан талантты жастарымыз да аз емес. Бүгінгі Отырар ауданының мәдениет күндері аясында «Киелі Отырардан – қасиетті Түркістанға» рухани керуен көші Түркістан қаласына келіп отыр. Алдағы екі күн бойы отырарлық өнерпаздардың концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылып, қолөнер және қылқалам шеберлерінің көрмесін тамашалап, ежелгі көшпенділер мәдениетімен танысып, қазақ халқының тұрмыстық әдет-ғұрпы көріністеріне куә боласыздар. Осынау шарада баршаңызды отырарлық өнерпаздардың өнері мен ұлттық құндылықтарымыздың жаңғыруына куә болып, рухани сусындап қайтуға шақырамын, – деді.

Кеш барысында сатира сардарлары Уәлибек Әбдірайымов пен Жүсіп Ақшора, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков пен айтыс ақтаңгері Анар Жаппарқұлова және ән өнерінің жұлдыздары Хадиша Шалабаева, Берік Сексенбек, Ермахан Әшіров арнайы қонақ болып, «Бақыт айдынында» бишілері, «Бастау» тобы мен «Қыздар» триосы және тағы басқа аудан өнерпаздарымен бірге өнер көрсетті. Кешті белгілі журналист Қайырхан Мәулен мен Гүлімқұлжа Сейтқазы жүргізді.


ПІКІР ЖАЗУ