Биылғы желтоқсан айында ауылшаруашылық жәрмеңкелеріне миллионға жуық адам келді

0

 Осы жылдың желтоқсан айының басынан бастап еліміздің өңірлерінде 250-ден астам ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті, оған миллионға жуық азамат қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ. Мұндай деректер вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөніндегі кеңесте айтылды.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова атап өткендей, жәрмеңкелерді өткізу тұрғындар арасында жоғары сұранысқа ие болуда, әкелінетін өнім көлемі толығымен сатылып жатыр. Ең көп картоп Қарағанды облысында сатылды – 110 тонна, Алматыда – 90 тонна, Шымкентте мерекелік демалыс күндері 45 тонна картоп сатылды, — деп атап өтті бірінші вице-министр.

Жәрмеңкелермен қатар өңірлердегі сауда сөрелеріне тұрақтандыру қорындағы көкөністер шығарылуда. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, 19 желтоқсан күнгі мәліметке сәйкес тұрақтандыру қорындағы 9,2 тонна картоп, 2,6 тонна сәбіз, 2,8 тонна пияз бен 2,1 тонна қырыққабат сатылды. Сондай-ақ кеңесте әр өңірдің қажеттілігін ескере отырып, алдағы мамыр айына дейін қорлардағы көкөністерді сату кестесі ұсынылды.

Өткен аптаның қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының орташа өсу индексі – 0,1%-ды, ал жыл басынан – 1,1%-ды құрады. Жиын соңында Серік Жұманғарин жәрмеңкелерді белсенді ұйымдастыруды және мереке қарсаңында бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында сауда заңнамасына миемлекеттік бақылауды күшейтуді тапсырды.


ПІКІР ЖАЗУ