2024 жылы кім баспаналы болды
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки 2024 жылы еліміздің ғылым саласында болған өзгерістер мен жаңалықтарға тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл елімізде ғылымды дамытуға және технологиялық саясатты іске асыруға, елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін ғылыми жетістіктердің нәтижелерін енгізуге, сондай-ақ ғылыми қызметтің стратегиялық, кәсіптік және әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған “Ғылым және технологиялық саясат туралы” заң қабылданды.
Мемлекеттік сатып алудың жалпы бюрократиялық рәсімінсіз ғылыми зерттеулер мен ғылыми жұмыстарды орындау нормаларын көздейтін “Мемлекеттік сатып алу туралы” заңға қол қойылды.
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым академиясының құзыры кеңейтілді. Қазақстандық ғылым мен ірі өнеркәсіптер арасындағы әріптестікті қолдау мақсатында Ғылыми-технологиялық сессиялар табысты өткізілді. 2024 жылы Қазақстанның ірі кәсіпорындарымен (Қазақмыс, Қазатомөнеркәсіп, ERG, Қазминералс, Қармет, ҚазақОйлАқтөбе, агрохакатон) ынтымақтастықта ұйымдастырылған 7 ғылыми-технологиялық сессия өткізілді, — деді вице-министр.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жас ғалымдарды қолдау күшейтілді.
310 жас ғалымға пәтер кілттері табысталды. Оның ішінде министрліктің “Отбасы банк” АҚ-мен жас ғалымдарға арналған несие беру бағдарламасы бойынша келісімі шеңберінде – 290 пәтер, өтеусіз негізде 20 пәтер берілді, — деп атап өтті Дархан Ахмед-Заки.