Сайрам: департамент басшысы соғыс ардагерін құттықтап, алғыс айтты

Ғасыр жасап, өмірлік тәжірибесі толысқан қарт-абыздар – жастар темірқазығы. Жаңылғанда жол сілтеп, адасқанда бағдар көрсететін аға буын, сый-құрметке лайық. Осы ұранды бетке алған Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев мереке қарсаңында Сайрам ауданында тұратын ІІ дүние жүзілік соғыс ардагері Анартаев Ахмаджан ақсақалдың шаңырағында болды. Ол, ардагердің ерлігіне алғыс білдіріп, құрмет көрсетті.
— Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне алғыс сөздер 9 мамырда ғана емес, басқа да мерекелерде айтылады. Қазіргі уақытта соғыс ардагерлері өте аз. Тарихта ерлікпен із қалдырған батырларға деген алғыс сезімін ешбір сөзбен жеткізу мүмкін емес. Өйткені, ардагерлеріміздің батырлығы мен қайсарлығының арқасында біз бүгін тыныштықта бейбіт өмір сүріп, болашаққа сеніммен қараймыз. Біздің ардагерлеріміз Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі болып табылады, — деп атап өтті Ерболат Балғабаев.
Айта кетейік, соғыс ардагері Анартаев Ахмеджан 1926 жылдың 10 қарашасында Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Әскерге шақырылғанға дейін «Жұмысшы» ұжымшарында еңбек етті. 1944 жылғы 5 мамырда Сайрам аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылып, 64-інші атқыштар полкында қызметтен жолынан өтті. Қатардағы жауынгер әскери шенін алған ол Польшаны азат ету жолындағы шайқастарға, Германиядағы ұрыстарға қаймықпай қатысты. 1949 жылғы 10 сәуірде жарақат алмай, әскерден қайтты.
ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен және мерейтойлық сегіз медалімен марапатталған. Әскерден келгеннен кейін 1950 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін Ә.Науаи атындағы ұжымшарда жүргізуші болып істеді. Бүгінгі таңда Қарабұлақ ауылында, Ашбұлақ көшесінде тұрады.