Түркістанда қамаудағы әйелді зорлаған полиция қызметкері 9 жылға сотталды

Түркістан облысында қызметтік өкілетін асыра пайдаланған полиция қызметкері қатаң жазаға тартылды. Сарыағаш аудандық соты уақытша ұстау изоляторында қамауда отырған әйелді зорлаған полиция қызметкеріне қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Түркістан облыстық соты анықтағандай, 2024 жылдың 17 қыркүйегінде тәртіп сақшысы М. қамаудағы Ж. есімді әйелге бейнебақылау камерасы орнатылмаған бөлмеде зорлық әрекетін жасаған. Бұл жайт сот-биологиялық сараптамалар және жәбірленушінің бастапқы жауабы негізінде дәлелденді.
Прокуратура 10 жыл жаза сұрағанымен, сот жәбірленушінің кешірім беруін және сотталушының отбасылық жағдайын ескеріп, 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті, — деп хабарлады облыстық соттан.
Айта кетейік, жәбірленуші сотта жыныстық қатынас өз еркімен болғанын айтып, бұрынғы арызын жүктілік кезіндегі психологиялық күйзеліс әсерінен жазғанын жеткізген.
Сотталушы үкімге келіспей, апелляциялық шағым түсірді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.