Қытайға мұнай сату Қазақстанға тиімсіз – сарапшы себебін түсіндірді

0

 BAQ.KZ редакциясының «15 минуттық экономика» жобасында экономист Айбар Олжай Қазақстан үшін Қытайға мұнай сату Еуропа елдеріне сатқанмен салыстырғанда неліктен тиімсіз екенін түсіндірді. 

Ол Ресей мен Украина арасындағы соғыс Қазақстанның негізгі мұнай артериясы Каспий құбыр консорциумы (КТК) құбырына қауіп төндіріп тұрағанын айтты. Ал Қазақстан экспортқа шығаратын мұнайдың шамамен 80 пайызы КТК құбыры арқылы жүреді. Осы орайда «Атасу – Алашанькоу» құбыры арқылы Қытайға неге көбірек мұнай тасымаймыз?» деген заңды сұрақ туады.

«Атасу – Алашанькоу» құбыры арқылы Қытайға көбірек мұнай тасу үшін құбырдың өткізу қуатын бірнеше есеге арттыру керек екені түсінікті. Бірақ негізгі проблема ол емес. Негізі «Атасу – Алашанькоу» жанынан тағы да үлкен құбырлар салып тастауға болады. Проблема Қытайдың біздің мұнайды ешқашан Еуропа елдері алып жатқан бағамен алмайтындығында. Қытай мұнайды арзан бағамен алғысы келеді. Дәл қазір Қытай Ресейдің өте арзан сатылып жатқан мұнайына үйреніп алды, — деді экономист.

Айбар Олжай Ресейге салынған санкция Қытайға майдай жаққанын айтты. Сондай-ақ Қазақстанның мұнайды Еуропаға сатқандағы табысы мен Қытайға сатқандағы табысын салыстырды.

Мысалы, Қытайға 50 миллион тонна мұнай сатып, содан түскен ақшаны алсақ, Еуропаға сатылған 20 миллион тоннаның ақшасын шығара алмаймыз. Сонда Еуропаға сатылған 20 миллион тонна Қытайға сатылған 50 миллион тоннадан да көп ақша алып келеді. Сондықтан бізге Еуропаға көбірек сату ақша жағынан тиімді, — деді сарапшы.

Дегенмен Айбар Олжай Қытайға тағы бір мұнай құбырын салу қажет деп санайды.

Бәрібір бізге Қытайға бір құбыр салу қажет сияқты. Сол үшін «Атасу – Алашанькоу» жобасын қайта қарап, мүмкін оны күшейту, жылына қосымша 5 миллион тонна қосу қажет сияқты, — деді ол.


ПІКІР ЖАЗУ