«Реал Мадрид» Алматыға жұлдызды құрам әкеле ме? Сарапшы болжам жасады

Қазақстандық футбол ардагері Болат Есмағамбетов алдағы «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы Чемпиондар лигасындағы матчқа қатысты BAQ.KZ тілшісіне пікір білдірді.
Оның айтуынша, мадридтік клуб Алматыға толық негізгі құрамын әкелмесе де, жұлдызды ойыншыларының біразы алаңға шығуы әбден мүмкін.
Менің ойымша, «Реал Мадрид» 30 қыркүйекте өтетін ойынға негізгі құрамын түгел әкелмейді. Өйткені бұл кезеңде олардың күнтізбесі өте тығыз: 27 қыркүйекте Ла Лигадағы маңызды «Атлетикоға» қарсы дерби бар, ал 5 қазанда – «Вильярреалға» қарсы кездесу күтіп тұр. Әрине, «Атлетикомен» ойында мықтылар алаңға шығады. Сондықтан Қазақстанға келгенде құрамы ротацияға ұшырайды. Кейбір негізгі ойыншылар демалып, алаңға соңғы матчтарда аз ойнаған футболшылар шығуы мүмкін. Бірақ соған қарамастан, әйгілі жұлдыздардың бірнешеуі міндетті түрде өтінімде болады. Өйткені «Реал» Чемпиондар лигасында ұпай жоғалтуға жол бере алмайды, – деді Болат Есмағамбетов.
Сарапшының айтуынша, «Реалдың» негізгі ғана емес, қосалқы және үшінші құрамы да жоғары деңгейде. Сондықтан Алматыға келетін кез келген нұсқасы өте мықты болмақ. Оның үстіне мадридтіктер бірнеше турнирді қатар алып жүруге үйренген.
Егер ойын қараша айында өтсе, «Реалдың» көбіне қосалқы құрамды шығаруы әбден ықтимал еді. Біріншіден, ол уақытта олар 1/8 финалға жолдама алып қоюы мүмкін. Екіншіден, Алматыда қара күзде ауа райы салқындап, алаң ауырлайды. Бұл жағдайда клуб өз қымбат ойыншыларын жарақаттан сақтаған болар еді. Ал қазір маусымның басы, Ла Лига мен Чемпиондар лигасында тартыс қызған шақ. Сондықтан Хаби Алонсо шешім қабылдағанда екі жақты ойлайды: бір жағынан, «Вильярреалға» дейінгі көшбасшыларды сақтап қалу, екінші жағынан, Алматыда ұпай жоғалтпау, – деп қорытындылады Есмағамбетов.
Матч 30 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда өтеді.
«Реал Мадрид» – Чемпиондар лигасының абсолютті рекордшысы. Клуб бұл турнирде 15 мәрте жеңіске жетіп, тарихтағы ең үздік көрсеткішке ие.
Бұған дейін «Қайрат» билеттердің сатылымға шыққаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Бағасы УЕФА-мен бірлесіп бекітілетіні айтылды.
Айта кетейік, «Қайрат» алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Алматы клубы іріктеу кезеңінде Словенияның «Олимпиясын», Финляндияның КуПС-ын, Словакияның «Слованын» және Шотландияның «Селтигін» жеңді. Шешуші ойында қақпашы Темірлан Анарбеков қарсыластың бес пенальтиінің үшеуін қайтарып, басты кейіпкер атанды. Осы жетістіктің арқасында клуб 18 миллион еуродан астам қаржы табыс тапты.
Чемпиондар лигасында «Қайрат» сегіз ойын өткізеді: төртеуі – өз алаңында, төртеуі – сырт алаңда. Алматыда «Реал Мадрид», Бельгияның «Брюгге» клубы, Грекияның «Олимпиакосы» және Кипрдің «Пафосы» қонаққа келеді. Сырт алаңдағы қарсыластары – «Интер» (Италия), «Арсенал» (Англия), «Спортинг» (Португалия) және «Копенгаген» (Дания).
«Қайрат» «өз үйдегі» ойындарын Алматыдағы Орталық стадионда өткізеді. Бұл – Чемпиондар лигасы тарихындағы ең алыс қашықтықтағы сапар рекорды болады деп күтілуде.
Ал «Реал Мадрид» тарапынан да алдағы матчқа қатысты пікір айтылды. Сонымен қоса испандық спорт сарапшысы, журналист Давид Руис те өз болжамын айтқан еді.
Билеттердің бағасы УЕФА-мен бірлесіп бекітіледі. Алматыға төрт мыңға жуық шетелдік жанкүйер келуі күтілуде.
Қазақстанның туризм және спорт министрі Алматының инфрақұрылымы УЕФА талаптарына толық сай екенін мәлімдеді.
Жақын күндері «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчының билеттері ресми түрде сатылымға шығады.