Қытайда қазақ ұны мен балына сұраныс жоғары

0

Қытайдың Сиань қаласында орналасқан “Айцзюй” астық-май корпорациясы Қазақстаннан жеткізілетін ұн мен балға ерекше қызығушылық бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Сиань қаласынан.

Қазақстанмен 10 жылдық әріптестік

1934 жылдан бастау алатын «Айцзюй» корпорациясы бүгінде Қытайдың астық саласындағы жетекші кәсіпорындарының бірі. Бас менеджер Лю Дунмэннің айтуынша, компания Қазақстанмен он жылдан бері әріптестік орнатқан.

Біз қазақстандық ұн, май, печенье мен балмұздақты көп көлемде әкелеміз. Сиань тұрғындары әсіресе ұн өнімдері мен балды ерекше ұнатады. Оларды онлайн да, сауда үйлерінен де сатып алады. Яғни сұраныс өте жоғары, – деді ол.

Солтүстік Қазақстанда жаңа жоба

2015 жылы “Айцзюй” “Бір белдеу – бір жол” бастамасы аясында шетелге шыққан алғашқы қытайлық компаниялардың қатарында болды. Солтүстік Қазақстанда жылына 300 мың тонна май өндіретін зауыт пен 1 млн тонна жүк айналымы бар логистикалық орталық салынды.

Лю Дунмэн алдағы жоспарларын де бөлісті.

ШЫҰ самитінен кейін біздің қарым-қатынасымыз жаңа деңгейге шықты. Біз Солтүстік Қазақстанда алып парк құрып, оны әлемдік нарыққа шығарғымыз келеді. Қазір Сианьда ұн тапшылығы 500 мың тоннаға жетіп отыр. Сондықтан егіншілікті кеңейтуіміз қажет. Қытай технологиясы мен басқару жүйесі Қазақстандағы аграрлық кәсіптің дамуына серпін береді, – деді бас менеджер.

Қазақ өніміне жоғары баға

Жақында компания ұйымдастырған жәрмеңкеде Қазақстаннан бөлек бірнеше елдің өнімдері қойылды. Көрмеге қатысқан 12 елдің БАҚ өкілдері қазақстандық ұннан жасалған қамыр мен балдың дәмін татып, жоғары баға берді.

Армениялық фототілші Хорен Григорян алғаш рет қазақстандық қамырдан әзірленген ұлттық тағамды татып көрді. Ол дәмін ғана емес, сапасын да ерекше атап өтті.

Бұл – табиғи әрі дәстүрлі ас. Әрбір тілімінен қазақ халқының терең тарихы мен бай мәдениеті сезіледі. Мұндай тағам адамды тойындырып қана қоймай, көңілге де жылулық сыйлайды екен, – деп әсерімен бөлісті ол.

Қытайдың Сиань қаласындағы Шетел тілдері университетінің студенті Хоу Цзяи да қамырды алғаш рет қолымен жасап көргенін айтады.

Бұған дейін мұндай тағамды мүлде көрмеппін. Дәмі тіл үйірерлік, ерекше екен. Осыдан кейін Қазақстанға барып, бұл елдің тағамдарын өз жерінде көруді армандай бастадым, – дейді студент.


ПІКІР ЖАЗУ